Бүгін Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы мен С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеті арасында Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Меморандумға орталық директорының орынбасары Руслан Сатывалдеев және ЖОО басқарма төрағасының бірінші орынбасары Айтжан Әбдіров қол қойды. Ынтымақтастықтың негізгі бағыты пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру, жастардың денсаулығын нығайту мақсатында нан/нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін 1 граммға кезеңімен азайту бөлінісінде рецептурасын өзгерту болып табылады.

photo_2019-07-24_17-15-43.jpg

Өз алғы сөзінде орталық директорының орынбасары Руслан Сатывалдеев былай деді: «Адам денсаулығы 70%-ға тамақтануына байланысты. Адам не жесе, соған ұқсайды деп бекер айтылмаған. Университеттің қызметкерлері студенттер мен профессорлық-оқытушылар арасында пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша жұмысты қолға алып, жүргізіп жатқаны үлгі тұтарлық іс болды».

«Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы дұрыс тамақтану саясатын қамтамасыз ету бойынша біртұтас шаралар кешенін әзірледі. Құжаттардың бірі Нан және нан-тоқаш өнімдеріндегі тұз мөлшерін кезеңімен азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары болып табылады», - деп атап өтті Руслан Сатывалдеев.
Орталық директорының орынбасары бұл бастаманы басқа да нан-тоқаш өнімдерін өндірушілер қолдайтынына үміттенетінін айтты.

Мөлшерден көп тұзды тұтыну жүрек-қантамыр аурулары, артериялық гипертония, инсульт, инфаркт, семіздік, ІІ типтегі қант диабетінің дамуы сияқты созылмалы жұқпалы емес ауруларға әкелуі, онкологиялық аурулардың кейбір түрлерін дамытуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген соңғы зерттеу нәтижелері бойынша, Қазақстанда тұзды тұтыну деңгейі әлем бойынша ең жоғары көрсеткішті құрайды және ДДҰ ұсынған тәуліктік мөлшерден 3 есеге дейін асып түсіп, тәулігіне 17 граммды құрайды, бұл ретте нормасы 5 граммды құрауы тиіс.

Экономикалық модельдеу деректеріне сәйкес, тұзды тұтыну мөлшерін азайту жөніндегі іс-шаралар кешені Қазақстанда жұқпалы емес аурулардың алдын алудың тиімді шарасына айналар еді. Тұзды тұтыну мөлшерін азайтуға бағытталған іс-шараларға бөлінген қаражат бесжылдық кезеңге салынған ақша қаражатынан 11 есеге дейін асып түсетін тиімді экономикалық пайда береді. Ал өте қымбат тұратын клиникалық кірісулер тек 7%-ға нәтиже береді.

photo_2019-07-24_17-15-42.jpg

Тұз мөлшерін азайту қан қысымын және жұқпалы емес аурулармен байланысты қауіпті төмендетуге мүмкіндік береді. ДДҰ ұсыныстарына сәйкес, тұз мөлшерін азайтуды көп тұтынылатын өнім ретінде наннан бастаған тиімдірек болады.
С.Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық-техникалық университеттің Нан және нан-тоқаш өнімдерін өндіру бойынша эксперименталды-өндірістік цехында ЖОО студенттері мен оқытушылары үшін құрамында тұз мөлшері аз нанды пісіріп шығаратын болады, бұл өз кезегінде жұқпалы емес аурулардың алдын алудың негізгі шарасының бірі болмақ.

Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде халықаралық сарапшыларды тарта отырып түрлі өнімдердегі тұзды азайту мәселелері бойынша консультациялар, семинарлар, сондай-ақ пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша түрлі бірлескен акциялар ұйымдастырылатын болады.