Еліміздегі қызылша ауруы ең көп тіркелген аймақтарда, яғни, Астана, Алматы, Атырау, Шымкент қалалары мен Ақмола облысында балалардың егілуі 9 айдан басталатын болады.

«Биылғы жылдың ерекшелігі егілмегендердің 60 пайызы 1 жасқа толмаған балалар. Себебі елімізде вакцинация балаларға 1 жаста, екінші екпесі 6 жаста жасалады. Сондықтан көбінесе 12 айға жетпей 6-7 айлық кездерінде ауырып жатыр. Осыған байланысты біз арнайы іс-шара қабылдадық. Ең көп тіркеліп жатқан аймақтарда, яғни, Астана қаласы, Алматы қаласы, Атырау қаласы, Шымкент қаласы, Ақмола облысы. Аталған аймақтарда балалардың егілуі 9 айдан басталатын болады. Біз осындай өзгеріс енгіздік. Басқа да алдын алу шараларын қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар, мектептерде фильтр жасау, балаларды адамдар көп шоғырланған жерлерге жібермеу керек», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы - Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин.

Айта кетсек, Қазақстан Республикасында 2018 жылы қызылшаның 576 жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 484 жағдай (84 %). Сырқаттану көбінесе егілмеген балалар арасында тіркеледі, олар 76 % (436 жағдай) құрайды.Олардың ішінде егу жасына жетпеу себебінен егілмегені (1 жасқа келмеген) – 272 (62 %), медициналық шеттетуге байланысты – 119 (27 %); вакцинациядан бас тартуға байланысты – 45 (11 %).