Ауру белгілері жоқ вирус тасымалдаушылардың үй карантинін және өздігінен оқшаулану режимін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Республиканың жетекші инфекционисі, профессор Динагүл Баешева халықтың сұрақтарына сарапшы ретінде жауап бере отырып, әлеуметтік желілерде таратылып жатқан «аурулардың спирттің немесе арақтың буымен дем алуы қажеттілігі туралы» ақпарат жалған болып табылатынын атап өтті. «Бұл жалған ақпарат. Біз осындай ұсынымдар бермейміз, себебі бұл вирустың өлуі үшін осы спирттің концентрациясы 60% кем болмауы тиіс, бұған адам ағзасында қол жеткізу мүмкін емес», - деді сарапшы.

Ауру белгілері жоқ азаматтардың қозғалысын бақылау туралы айта келе, республиканың бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова ауру белгілері жоқ вирусты тасымалдаушылар үй карантинінде болуы тиіс екенін хабарлады. Бұл ретте, олар міндетті түрде қолхатқа қол қояды, онда үй карантині бойынша талаптарды орындауға - 14 күн ішінде өзін-өзі оқшаулауда болуға міндеттенеді.

Бұдан басқа, қолхатта ауру белгілері жоқ вирус тасымалдаушының жауапкершілігі жазылған, оның аясында карантин режимін бұзғаны үшін тәртіп бұзушыға әкімшілік шаралар (айыппұл), ал басқа азаматтарға жұқтыру фактілері үшін - қылмыстық заңнама аясында шаралар қолданылуы мүмкін деп көрсетілген.

«Бүгін біз ауру белгілері жоқ вирус тасымалдаушы карантин режимін және өзін-өзі оқшаулауды сақтайтынын немесе сақтамайтынын іріктеп қадағалауға мүмкіндік беретін ақпараттық технологияларға ие болдық», - деп атап өтті А.Есмағамбетова.