Электрондық аукционға қатысушылар жер қойнауы учаскелерімен оператордың ресми сайтында таныса алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Энергетика вице-министрі Жанат Жахметова мәлімдеді.

Оның айтуынша, әр азамат жер қойнауының 82 учаскесі бойынша ақпарат оператордың ресми сайтында жарияланған. Ол карта түрінде де, тізім ретінде де ұсынылған.

Сонымен қатар, ЭМ Жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Қайырхан Тұтқышбаев биыл аукционға шығарылып отырған 10 учаске бойынша мемлекеттік баланста қорлар бекітілмегенін айтып өтті.

«Бұл учаскелер бізге келіп түскен өтінімдер арқылы акуционға шығарылып отыр. Сол себепті бүгінгі күні бұл учаскелер мемлекеттік баланста жоқ. Егер келісімшартты алған жеке тұлға немесе заңды тұлға мұнай кен орнынан қор тапса, оны балансқа қойып, оны одан әрі өндіру үшін келісімшарт жасауға басымды құқыққа ие болады», - деді Қ.Тұтқышбаев.

Спикердің атап өтуінше, қол қоюдың бастапқы бонус мөлшері – Салық кодексіне сәйкес, формула арқылы есептеледі. Егер қор болмаса, ол 200 АЕК құрайды. Осыдан кейін бұл сома бастапқы қол қою бонусының мөлшері болып саналады.