Білім және ғылым министрлігі сапасыз білім беретін ЖОО-мен мәселені шешу бойынша бірқатар жұмыстар атқаруда. Бүгінгі күні мемлекеттік бақылау Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жүргізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова мәлім етті. Оның айтуынша, ведомство бірнеше бағытта тексерулер жүргізеді. Ал олқылықтар жойылмаған жағдайда, тиісті шешім қабылданып, Әкімшілік кодекске сәйкес шара қабылданады.

«Бірінші бағыт – профилактикалық бақылау. Оның нәтижесінде ЖОО-ға қосымша екі мүмкіндік беріледі. Бұл жерде, ең бастысы, ЖОО академиялық дербестікке қарамастан білім саласындағы заңнаманы бұзбай, кемшіліктерге жол бермеуі керек. Екінші бағыт – жоспардан тыс тексерулер. Министрлік ата-аналардан, оқушылардан, оқытушылардан келіп түскен өтініштер негізінде тексеріс тағайындайды. Тексеру нәтижелері көрсеткендей, ЖОО-ларда тиісті жағдайлар жасалмаған, оқу үрдісі оқытушысыз жүргізіледі, немесе дайындалған әрбір пәннің мазмұны атауына сәйкес келмейді. Осыған орай, білім беру бағдарламаларының сапасына қатысты сұрақтар туындайды», - деді Г.Көбенова.

Сонымен қатар ведомство өкілі кейбір білім ордаларында тиісті материалдық-техникалық база, зертханалар жоқ екендігін жеткізді.

«Бұл ретте Министрлік өз тарапынан тиісті шешім қабылдайды және тиісті сот шешімдері де шығарылады. Содан кейін ЖОО жұмысын одан ары жалғастыра ма, жоқ па, белгілі болады. Ең бастысы, ЖОО мақсаты - академиялық дербестікті дұрыс пайдалана отырып, заңбұзушылықтарға жол бермей, сапалы білімді қамтамасыз ету», - деп түйіндеді Көбенова.