Егер ұжымда коронавирустық инфекцияны жұқтыру фактісі тіркелсе, ПТР-тестті кім және қалай тапсыру керек? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз сөйлеген сарапшыларға журналистер осындай сұрақ қойды. Іс-қимыл алгоритмін ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова түсіндірді.

«КВИ диагнозы немесе ауруға күдік болған жағдайда, шұғыл түрде санэпидқызметтің медициналық бөлімшелеріне хабарланады. Эпидемиолог бұл жағдайды тексереді. ПТР-тест тапсыру арқылы тексеруге жататындарды, жақын қатынаста болған адамдардардың тізімін анықтайды. Дәл осы контингент тексерілуі керек. Егер бұл үлкен ұйым болса, бәрін толығымен тексерудің қажеті жоқ. Әр жағдайда эпидемиолог жақын байланыс санатына жататын адамдардың тізімін анықтайды», - деді министрлік өкілі.

Бұдан кейінгі іс-қимылдарға оның әріптесі, Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Алғашқы медициналық-санитариялық көмек жұмысын ұйымдастыру бөлімінің басшысы Әлия Өмірзақова тоқталды.

Оның айтуынша, науқаспен байланыста болған адамдардың тізімі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына беріледі.

«Содан кейін оны осы пациенттер тұрғылықты жері бойынша тіркелген ұйымдарға жібереміз. Сол күні мобильді бригадалар тексереді, егер науқас ауырып қалса, бірақ аурудың белгілері болмаса, оны симптомсыз науқас ретінде тіркейміз. Сол сияқты, оның туыстарын, ата-аналарын, балаларын және т.б. бақылаймыз. Олар ПТР-талдау тапсырады және тәулік ішінде нәтижесі дайын болады. Қажет болған жағдайда, егер симптомдар пайда болса - тәулік бойы инфекциялық стационарға жатқызу туралы мәселе қаралады», - деді спикер.

Сондай-ақ, ол науқас дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін және ілеспе аурулар болған кезде антикоагулянттар, антибиотиктер, дене қызуын түсіретін дәрілер тағайындалатынын жеткізді. Қазір емханаларда жүкті әйелдер мен балалар ерекше бақылауға алынды.