Шымкент қаласының тұрғын үйлерді жылыту мәселесі әкімнің бақылауында. Биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жаздан бері жүргізілді. Ескіріп қалған магистральдік жүйелер жөнделді, деді Мұрат Әйтенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистің сұрағына берген жауабында.
Оның айтуынша, бүгінде орталық магистральмен әр үйге, ыстық су, жылу жіберілді.
«Шымкент қаласында ПИК; үй басқарушылары жоқ, бұл жүйе дамымаған. Көпқабатты үйлердің астындағы орынжайлар дайын емес. Бұған қарамастан, аудан әкімдігімен бірігіп әр үйді жылыту маусымына дайындадық. Әлеуметтік мекемелерді тексерген кезде, көбінің үйінде судың ауасын өткізбегені, үлкен үйлердің астындағы магистральдық жүйелердің соңына дейін жөнделмегендігі анықталды. Осы мәселелердің бәрі тез арада шешіліп отырды», - деді қала әкімі.
Оның атап өтуінше, Шымкент қаласы жылыту маусымына дайындықты 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Егер жылытуға қатысты мәселелер туындаса, тиісті мекемелер оны шешуге дайын.