Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері ағымдағы жылдың 15 қазанына дейін барлық объектілерді, оның ішінде инженерлік желілерді, дербес қазандықтарды дайындауды толық аяқтауы, сондай-ақ халықты және коммуналдық-тұрмыстық ұйымдарды отын қорымен қамтамасыз етуі қажет.

Бұл ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің алдағы жылыту маусымына қатысты 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспары. Аталған ведомстваның бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев баспасөз шарасында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 37,9 млрд. теңге сомасына жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша 18 жобаның құрылысы салынып және реконструкцияланып жатқанын айтты.

Қайырбек Өскенбаев 2019 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік объектілердің жылыту маусымына дайындығын баяндады: «Білім беру объектілерінің дайындығы 99,6% (10975 объектіден 10930 объект). Батыс Қазақстан облысында 21 объектіде оқу процесіне әсер етпейтін күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр; денсаулық сақтау объектілерінің дайындығы 98,6% (5936 объектіден 5855 объекті) Ақмола облысында - 10, Алматы облысында - 38, Атырау облысында – 8, Батыс Қазақстан облысында - 7, Алматы қаласында – 6 объектіде жоспарлы жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр; тұрғын үйлердің дайындығы 94,9% (46809 объектіден 44414 объекті)», - деді.

Барлық тұрғын үйлер жылыту маусымына дайын: Батыс Қазақстан облысында - 84,5 %, Ақмола облысында – 88,5%, Атырау облысында – 89,5%, Солтүстік Қазақстан облысында – 89,9%.

Сонымен қатар, Қайырбек Өскенбаев коммуналдық қызметтер үшін қарызды да тілге тиек етті. Вице-министрдің айтуынша биыл коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11,6 млрд. теңгені құраған.

Жоғары дебиторлық берешек Алматы қаласында – 2,7 млрд.теңге, Нұр-Сұлтан қаласында - 1,7 млрд. теңге, Маңғыстау облысында - 1,5 млрд. теңге, Шымкент қаласында -1,3 млрд. теңге.

Тұтынушылардың коммуналдық қызметтерді жеткізушілер алдындағы дебиторлық берешегінің болуы олардың операциялық қызметіне теріс әсер етуі мүмкін екенін ескертті.