Оның айтуынша, кредиттік серіктестіктер арқылы 62,2 млрд теңге, ЕДБ арқылы – 71 млрд теңге, өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымдары арқылы – 6,8 млрд теңге қаржыландыру жоспарлануда. Қаржы институттары үшін сыйақы мөлшерлемесі 1,5% құрайды, қаржы институттарының маржасын ескере отырып, түпкілікті қарыз алушылар үшін мөлшерлеме 5% болмақ. Соңғы қарыз алушылар үшін қарыз мерзімі – 2024 жылғы 1 наурызға дейін.

«Биыл бюджеттік несие ұзақ мерзімге берілді, сондықтан осы бағдарлама бойынша өтеу мерзімі 2024 жылғы 1 наурызға ауыстырылды. Бұл фермерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін анағұрлым тиімді бағамен сатуға мүмкіндік береді», - деді спикер.

Сондай-ақ М. Нәбиевтің мәліметінше, 30 млрд 600 млн теңге көлемінде 847 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші қаржыландырылды, 1298 ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушіні 72,1 млрд теңгеге қаржыландыру мақұлданды, сондай-ақ 9,3 млрд теңге көлемінде 199 ауыл шаруашылығы тауар өндіруші қаралуда, 28,9 млрд теңгені құрайтын 1537 ауыл шаруашылығы тауарларын өндіруші құжаттары жинауда.

«Былтыр желтоқсан айында біз 2023 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруды бастадық. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге айналым қаражатын толықтыру, қаржыландыру үздіксіз жүріп жатыр», - деді Набиев.