Оның мәліметінше, әртүрлі себептермен келеңсіз мінез-құлыққа байланысты сайлау учаскелерінен 9 азамат шығарылды. 


«Полиция қызметкерлері штаттық режимде қызметін жалғастыруда. Ел бойынша 506 жабық сайлау учаскелерінің 322 дауыс беру аяқталды. Жалпы саяси қоғамдық ахуал тұрақты»,- деді Сұлтанбаев. 


Сонымен қатар ҚР Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Азамат Сарғазин осы сағатта сайлау учаскелерінде тіркелген заң бұзушылық жағдайлары туралы жедел ақпаратты ұсынды. 

«Жүргізілген мониторинг нәтижесінде сайлау туралы» заңнаманы бұзудың 9 фактісі тіркелді. Олар Алматы облысында Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Райымбек және Ұйғыр аудандарындағы сайлау учаскелерінде, Жетісу учаскелерінде Қаратал және Кербұлақ аудандарындағы учаскелерде, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау және Жамбыл аудандарындағы учаскелерде орын алған. Бұл заң бұзушылықтар комиссия мүшелері тарапынан азаматтарға басқа адамдар үшін дауыс беруге мүмкіндік берумен байланысты. Бұл комиссия мүшелері учаскелердегі жұмыстан дереу шеттетілді. Қазіргі уақытта жергілікті прокурорлар оларды ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 110-бабы бойынша жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қабылдауда», - деді Бас прокуратура өкілі.

Азамат Сарғазин әрбір сайлаушы өзі дауыс беретінін, дауыс беру құқығын басқа біреуге беруге немесе басқа адам үшін дауыс беруге жол берілмейтінін атап өтті. 
Жалпы дауыс беру рәсімі басталғалы бері ықтимал заң бұзушылықтар туралы 32 өтініш келіп түсті. 

«Оның жетеуі Бас прокуратураға. Олар тексеру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті прокурорларға жолданды. Қалған 25-і жергілікті прокуратураларға тікелей түскен. Астана қаласында - 4 , Алматыда - 2, Шымкентте - 3, ШҚО-да – 6, Түркістан облысында – 4, СҚО-да – 4, Қарағанды және Павлодар облыстарында бір-бірден. Олардың бесеуі бойынша түсіндіру сипатындағы жауаптар берілді, 10 өтініш құзыреті бойынша өкілетті органдарға жолданды, қалған 10 өтініш қаралу сатысында», - деді спикер.