Әкім биылғы жылдың қорытындысында халықтың санымен есептегенде, өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуде 92%-ға қол жеткізу көзделіп отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда облыстың Сарысу ауданындағы тек 4 елді мекенде газ бар, қалған елді мекендерде жоқ, ал Мойынқұм ауданындағы 25 елді мекенде мүлдем табиғи газ жоқ.
«Бұл жұмыстарды былтыр бастап кеттік, аудан әкімшілігі тарапынан қаражат бөлініп, қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. 25 елді мекеннен 13 елді мекенді бірінші кезеңде табиғи газға қосу мәселесі тұр. Шу қаласындағы Қонаев елді мекенінің қасында былтырғы жылдан бастап арнайы үлкен газ тарату станциясын салу жұмыстарын бастадық. Биыл оны аяқтауымыз керек», – деп нақтылады облыс басшысы.
Ол Мойынқұм ауданына табиғи газды кіргізу үшін үш кезеңмен атқарылатын жұмыстар келесі жылы басталатынын айтты. Бірінші, ең үлкен кезеңде магистральді газ құбыры тартылады. Оған 18 млрд қаражат керек. Сол жұмыстар аяқталған соң екінші, үшінші кезеңдерге 4 млрд көлемінде қаражат қажет болады.
«Жобалық-сметалық құжаттар қазір дайын. 2024 жылы қаражат бөлінген жағдайда бұл жұмыстарды бастаймыз. Біздің есебіміз бойынша 2026 жылы Мойынқұм ауданындағы 13 елді мекенде бұл жұмыстарды аяқтаймыз», – деді Н. Нұржігітов.
Облыс әкімі өз баяндамасында атап өткендей, биыл өңірде 11,8 млрд теңгеге 16 жоба аясында қосымша 18 елді мекенді табиғи газбен қамтып, оның үлесін 90,2%-дан 92%-ға дейін жеткізу жоспарланған.