Ведомство басшысының айтуынша, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, әлеуметтік аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын балалар, сондай-ақ оқу үздіктері демала алады.

«Әкімдіктердің мәліметінше, бүгінде жергілікті бюджеттен балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға 94 млрд теңге бөлінген», – деді спикер.

Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысын қолдап, еліміздің үздік сауықтыру орталықтарына ауылдық жерлерден 20 мың дарынды, талантты, оқуда үздік атанған балаларды жіберуді жоспарлап отыр.

Балалардың қала маңындағы лагерьлерде демалуынан өзге, басқа да форматтардағы демалыс ұйымдастырылады.

«Мәселен, жаз айларында 1,5 миллионға жуық бала қосымша білім беру мекемелеріндегі секциялар мен үйірмелерге қатысады. 188 мыңнан астам бала киелі жерлерге саяхаттап барады. 25 мың бала спорттық-жаттығу жиындарынан өтеді, ал тағы 211 мың бала тіл курстарымен қамтылады», – деді министр.