Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестициялар жылдан-жылға артып келеді. 4 айдың нәтижесі бойынша ол 266 млрд теңгені құраған. Былтыр өңірде жалпы сомасы 25 млрд теңгеге 17 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 600 жұмыс орны құрылған.

«2025 жылға дейін жалпы құны 1 трлн 900 млрд теңгеге 100 жобаны жүзеге асырып, нәтижесінде 6 мың жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. 2022 жылы атқарылған 17 жобаны жіктейтін болсақ, алтауы – өңдеу өнеркәсібінде, екеуі - ауыл шаруашылығы саласында, бесеуі – әлеуметтік салада және төртеуі – туризм саласында. Қазіргі таңда екі жоба іске қосылды, жалпы 144 жаңа жұмыс орны ашылды», – деді Н. Ноғаев.

Биыл облыста үш ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Каспий теңізіндегі «Қаламқас-теңіз», «Хазар», «Әуезов» кен орындарын игеру, бұл – «Қазмұнайгаз» ҰК-ның «Лукойл» компаниясымен бірігіп жүзеге асыратын жобасы. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында құрылыс кезінде 2 мың адамдық, ал тұрақты жұмыс кезінде 500 жаңа жұмыс орны ашылады. Тағы бір жоба – түрік компаниясының болат зауытының құрылысы 2024-2026 жылдары жүзеге асырылады.

Бұрын-соңды әлемде жүзеге аспаған ірі жоба – Svevind швед-неміс компаниясының жасыл сутегін өндіретін жобасы да Маңғыстау өңірінде іске аспақ, оның құны – $50 млрд. Жоба жүзеге асқанда 40 ГВт электр энергиясын, 2 млн тонна жасыл сутегін алу мүмкіндігі болады. Жоба 2032 жылы қолға алынбақ, ол тұрақты түрде жұмыс жасаған соң 1800 жаңа сапалы жұмыс орны ашылады.

«Бұл жобаны жүзеге асыру үшін өте көп мамандар қажет. Сондықтан қазіргі таңда Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы университетте неміс университеттерінің өкілдерімен бірігіп қазақ-неміс университетін ашу жоспарланып отыр. Биыл осындай үш ірі жобаны бастағалы отырмыз», – деп нақтылады облыс әкімі.

Сонымен бірге өңірде мұнайға, шикізатқа тәуелділіктен арылу үшін жаңа бағыттар жүзеге асырылмақ. Солардың бірегейі – Маңғыстау облысының қолайлы орналасқанын және еліміздің теңіз қақпасы екенін ескере отырып, көлік-логистикалық инфрақұрылымын, туризм саласын дамыту, ауыл шаруашылығы саласына көрсетілген әкімшілік және қаржылық қолдауларды ескере отырып, ауыл шаруашылығын дамыту, балық шаруашылығына ден қойып, жаңа қарқын беру, дейді облыс басшысы.