Журналистің Маңғыстау облысында ауыз су тапшылығы мәселесін қалай шешіліп жатқаны жайлы сұрағына жауап бере отырып әкім жоспарланған жобалар жүзеге асқанда бұл мәселенің 2025 жылға қарай шешілетінін айтты.

«МАЭК-те салынатын тәулігіне 24 мың текше метр қондырғылар, Кендірлідегі 50 мың текше метр, Форт-Шевченкодағы 5 мың текше метр, Ақшұқырдың жанындағы 20 мың текше метр, Каспий су тұшыту заутындағы қосымша 20 мың текше метр беретін және Каспий су тұщыту зауытының қасындағы алаңда қосымша 60 мың текше метр су дайындайтын нысандарды және күнделікті қабылданып жатқан нысандардың өзінің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз еткенде ауыз су мәселелері толығымен шешіледі. Қазір бұл жобалардың барлығы қаражатпен қамтылып, жүзеге асырылуда», – деп нақтылады әкім.

Облыс басшысы мамыр-қыркүйек айларында су жетіспеушілігі анық байқалатынын айтты. Қазір бұл мәселені шешу жолында біраз жобалар жүзеге асырылуда.

«Атап айтқанда, «Астрахань-Маңғышлақ» су құбыры арқылы «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр суды дайындайтын жаңа қондырғы іске қосылған болатын,  биыл соның 10 мың текше метрін Бейнеу ауданындағы Жетібай елді мекенінде және Жаңаөзен қаласындағы тұрғындарға бөліп беріп отырмыз. Оның сыртында, Ақтау қаласында қуаты 20 мың текше метр Каспий су тұщыту нысаны бар, биыл атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 5 мың текше метрі іске қосылды», – деді Н. Ноғаев.

Жылдың аяғына дейін өңірде қосымша 15 мың текше метр су қондырғыларын іске қосу жоспарланған. Форт-Шевченко қаласындағы тәулігіне 5 мың текше метр су қондырғысын іске қосуға да қажетті қаражат бөлінген. Биыл өңір тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша осы жобалар жүзеге аспақ.  

Жалпы, су, жылу, су бұру мәселелеріне жалпы құны 20 млрд теңгені құрайтын 19 жоба дайын тұр қазіргі таңда, деп атап өтті өз баяндамасында әкім.