Оның айтуынша, Қазақстан ұлттық құрамасының WorldSkills сегіз халықаралық чемпионатына қатысуы ұйымдастырылды. 2023 жылы жарыс Польшада өтті. 

«Ұлттық құрамамыз халықаралық чемпионатқа қатысу тарихында биыл алғаш рет үздік нәтиже көрсетті. Веб-технологиялар, желілік-жүйелік әкімшілендіру, графикалық дизайн, CAD инженерлік дизайны, тақтайшамен қаптау, мехатроника сияқты құзыреттіліктер бойынша екі медаль және төрт медальонға қол жеткізді. Бағалауға алғаш рет отандық сарапшылар жіберілді, бұл біздің сарапшыларға сенімділіктің көрсеткіші», – деді спикер.

Жарыс 5-9 қыркүйек аралығында өтті. Ұлттық құрамаға 28 қатысушы және 25 халықаралық сарапшы енді. Биылғы жылы кәсіптік шеберлікті бағалаудың сегізінші республикалық чемпионаты 23-25 қараша аралығында өтіп, оған еліміздің түкпір-түкпірінен 535 жас маман мен 510 сарапшы жиналады. 

«Үш жарыс күні ішінде колледж студенттері өз құзыреттері бойынша хас шебер атағы үшін күресетін болады. Олардың ішінде электр монтаждау жұмыстары, бизнеске арналған IT шешімдер, кірпіш қалау, мобильді роботты техникасы, мехатроника, шаштараз, аспаз, кондитерлік цех және т.б. бар», - деп хабарлады «Talap» КЕАҚ басшысы.

Республикалық жарыстың жеңімпаздары Франциядағы халықаралық чемпионатқа аттанады. Әлем біріншілігі 2024 жылдың 10-15 қыркүйегінде өтеді.