Оның айтуынша, Сырдария өзеніне байланысты мемлекетаралық су саласындағы мәселелерді үйлестіру үшін арнайы комиссия жұмыс істейді.

«1-2 қараша күндері Ташкент қаласында комиссияның отырысы өткізілді. Оған Түркменстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның министрлері қатысты. Вегетация кезеңінің қорытындыларын қарадық және вегетация арасындағы кезеңде қаншама болжамды су көлем, Өзбекстанға, Тәжікстанға, Қазақстанға, Түркменстанға қанша су болатынын зерттедік. Хаттамалық шешімге қол қойдық. Комиссияның отырысы жылына екі рет өткізілсе, енді төрт рет өткізуге келістік. Келесі отырыс қаңтар айында Шымкент қаласында өтеді», - деп бөлісті сала басшысы. 


Министр су ресурстарына байланысты проблемаларды бірлесіп шешу жағы Қырғызстан тарапымен де келісілгенін жеткізді. 


Сонымен бірге, Нұржан Нұржігітов Каспий теңізін зерттеу жұмыстарымен айналысатын ғылыми-зерттеу институты құрылатынын хабарлады. 

«Қаулы жобасы дайындалды, тиісті органдармен келісіліп жатыр. Биылғы жылы институтты құрамыз. Негізгі жұмысы  (Каспий теңізінің таяздану) проблеманы зерттеу, шекаралас мемлекеттермен нақты шешімдер қабылдау болып табылады», - деді министр.