Ұлытау облысының аумағына оңтүстіктен еңбек ресурстарын көшіру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі күні 100-ге жуық отбасымен келісім бар. Орталық коммуникациялар алаңында Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берген аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы мәлім етті.

Өңір әкімі, бірінші кезекте, келген отбасыларды ауылдарға орналастыру мақсаты көзделгенін жеткізді. Оның айтуынша, облыс аумағындағы елді мекендерде тұрғындар саны азайып, бала туу көрсеткіші төмендеген. Осының салдары ретінде кейбір ауылдарда мектептердің жабылу жағдайлары бар.

«230 мың халқымыз бар, соның 80% қалада тұрады. Ең урбанизацияланған облыс. Жер көлемі бойынша 5-ші орын алады. Сондықтан халық санының аз болуы дамуға ықпал ететіні анық. 20 миллионыншы баланың облыста дүниеге келуін жақсы ырым деп қабылдадық», – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Қазір өңір экономикасын әртараптандыру бағытында қолға алынып жатқан инвестициялық жобалардың жүзеге асуы және техникалық университеттің ашылуы жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізіп, аймаққа көшуге ниеттілер қатарын көбейтеді деп сенім білдірді.