Су тасқыны басталғалы бері 75 мыңнан астам адам, оның ішінде 18 мыңнан астам балалар және 49 мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Уақытша орналасу пунктеріне 7 605 адам, оның ішінде 3 180 бала орналастырылды. Әуе кемелерімен 2 811 адам, оның ішінде 865 бала құтқарылды. Зардап шеккен өңірлерге 127 тонна гуманитарлық көмек көрсетілді. Сондай-ақ Қырғыз Республикасынан гуманитарлық көмек жеткізілуде. 69 мыңнан астам ауыл шаруашылығы жануарлары қауіпсіз жерге шығарылды.  


«Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына мемлекеттік материалдық резервтен шығарылған арнайы автомобиль техникасы, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары берілді. Бірлескен күштермен 7,6 млн астам текше метр еріген қар суы сорылды, 986 мың қапшық және 982 мың тонна инертті материал төселді»,-деді Қ.Оразалин.


Тәулік бойы авариялық-құтқару жұмыстарына 17 377 адам, 2020 бірлік техника, 441 су сорғыш және 90 жүзу құралдары, сондай-ақ 15 әуе кемесі жұмылдырылды.  Еліміздің 10 өңірінде әкімдіктер жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар жариялады. «Жедел желі» телефонына 1049 қоңырау түсті. 


«Республикалық және жедел штабтары тәулік бойы жұмыс атқаруда. Барлық күштер мен құралдар су тасқынына төтенше жағдайлардың алдын-алу мен жоюға бағытталған. Жағдай күрделенетін болса, шұғыл шаралар қабылданады. ТЖМ азаматтарды су тасқыны кезеңінде өте мұқият болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, тиісті рұқсатсыз үйлері мен эвакуациялау пункттерінен кетпеуге шақырады»,-деді спикер.