Қазіргі уақытта ШҚО-да су тасқынының бірінші толқыны аяқталуда. Алайда, өңірдің таулы аумақтарындағы қар жамылғысының және ылғал қорының биіктігін, ауа температурасының жоғарлауы, оның ішінде түнгі уақытта және жауын-шашынның болуы мүмкіндігін ескере отырып, сәуір айының ортасына қарай екінші су тасқыны толқыны және таулы өзендерде су деңгейінің көтерілуі күтілуде. Бұл жайлы ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының аға инженері Аяулым Кекиева ОКҚ айтты.
Бүгінде қар жамылғысының ауданы 53%-ды құрайды. Көптеген ауданда қар қоры және ондағы судың мөлшері нормадан 1,5-2 есе жоғары.
«Су тасқыны жағдайын бақылау үшін тұрақты түрде аэровизуалдық тексерулер жүргізіледі. Барлық гидротехникалық құрылыстар штаттық режимде жұмыс істеуде. Бөгеттердегі судың деңгейі алдын ала төмендетілген. Еріген сулардың және өзендерде мұз кептелістерінің өтуіне мониторинг күшейтілді. Су тасқыны учаскелерін барлап қарау жалғасуда. Облыста жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеуде. Күштер мен құралдар әзірлікке келтірілді», – деді спикер.