Оның айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды қолжетімді форматтар мен құралдарға негізделген құлақтандыру жөніндегі тәсілдермен қамту көзделген. Сондай-ақ төтенше жағдайларда және дүлей зілзалаларда мүгедектігі бар адамдардың осалдығын төмендету мақсатында тәуекелдерді болжау тетігі енгізілмек. Және де мүгедектігі бар адамдарға қатысты төтенше жағдайларда ден қою алгоритмдері іске қосылады. Мүгедектігі бар адамдар мен олардың отбасы мүшелері үшін төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіз мінез-құлықты оқыту жүйесі құрылатын болады. Сонымен қатар вице-министр мәдениет, спорт және туризм инфрақұрылымын дамыту жайында сөз қозғады.
«Мәдениет, спорт және туризм инфрақұрылымын дамытудың негізгі міндеттерінің бірі мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді нысандар мен қызметтердің санын ұлғайту болып табылады: концерттік ұйымдарда, театрларда, мәдени демалыс ұйымдарында, кітапханаларда, мұражайлар мен мұражай-қорықтарда, цирктерде, мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт объектілері мен құрылыстарында кедергісіз орта құру; концерттік ұйымдарды, театрларды, мәдени демалыс ұйымдарын мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету; әмбебап дизайн негізінде жаңа мәдениет, спорт және туризм объектілерін салу», – деді ведомство өкілі.
Инклюзивті мәдениетті дамыту қоғамның хабардарлығын арттыру жөніндегі ақпараттық науқандарды кеңейту арқылы қамтамасыз етіледі. Спорт пен дене шынықтыруды инклюзиялау идеологиясы мүгедектігі бар әйелдер мен балаларды параспортпен айналысуға тартуға баса назар аудара отырып, одан әрі ілгерілетіледі. Туризмді дамытуға жаңа серпін инклюзия пайдасына туристік саланы ұйымдастырудың тәсілдерін қайта қарау мүмкіндік береді.
Тұжырымдама жобасы бағыттарының бірі қоғамның инклюзивті санасын дамыту болып табылады. Инклюзия саласындағы ағарту жұмыстарының негізгі міндеті қоғамның хабардарлығын арттыру арқылы адамның қадір-қасиетін, адамзаттың физикалық әртүрлілігін құрметтеу құндылықтарын ілгерілету болады.
Инклюзия саласындағы ағарту жұмыстары тиімділігінің өсуі мүгедектіктің құқық қорғау моделін ілгерлететін ақпараттық, ойын-сауық және тартатын контентті құру және тарату процесіне тартылған ақпараттық индустрия қызметкерлерінің қызметін сапалы әдістемелік сүйемелдеуді талап етеді.
«Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейінгі инклюзивті саясат тұжырымдамасын қабылдау: ұлттық заңнаманы жетілдіру; еңбек нарығының инклюзивтілік деңгейін, медициналық қызметтердің сапасын, инклюзивті білім беруді, мүгедектігі бар адамдарды саяси және қоғамдық өмірге тартуды арттыру; кедергісіз орта, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен мүгедектігі бар адамдарға төтенше жағдайлар жағдайында қауіпсіздікті және қажетті көмекті қамтамасыз ететін іс-қимыл алгоритмін құру және т.б. Бағдарламалық құжатты әзірлеу қоғамдық пікірді барынша қамту форматында жүргізілгенін атап өту қажет», – деп түйіндеді спикер.
Мүгедектігі бар азаматтардың мүдделерін білдіретін үкіметтік емес ұйымдар қатысуымен дөңгелек үстелдер өткізілді, репрезентативті сауалнама және ұсыныстар жиналды. Тұжырымдама жобасы үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдар ұйымдарының халықаралық одағының мүшелерімен қоғамдық тыңдауларда талқыланды және еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшелерімен мақұлданды. Жоба мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшелерімен талқыланды.