Бюджеттен тыс 880 млн теңге қаражат есебінен  4 спорт нысаны  қолданысқа беріліп, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен  2 модульдік спорт залды пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы, биыл халықты спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейін 66%-ға, дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын халық үлесін 41%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.  

«Облыс спортшылары жыл басынан бері түрлі республикалық және халықаралық ресми жарыстарда 1635 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 572-і алтын,  521-і күміс, 542-і қола. Биылғы жылдың ең үздік жетістігі – «Париж – 2024» жазғы Олимпиада ойындарында дзюдодан Елдос Сметовтың алтын медалі. Бұдан бөлек, Париж – 2024 XVIII жазғы Паралимпиада ойындарына Жамбыл облысы 4 лицензия алып, Жұмағали Нұрдәулет паражүзуден күміс медальға ие болды. Қыркүйек айында Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Жамбыл облысынан 17 спортшы қатысып, 18 медаль иеленді»,-деді спикер.  

Мәдениет саласында 16 нысанның құрылысы жоспарланған, 5 мәдениет нысаны, 1 - мұражай  пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 3 мәдениет нысанын іске қосу жоспарлануда. Бұдан бөлек, 17 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі  84,8%-ға жетеді. Ағымдағы жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырыспен 1,3 млрд теңгеге 224 үйірмеде 9,1 мың бала қамтылды. 

«Әдебиет пен өнерді қолдау және таланттарды анықтау мақсатында поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті саласында «Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби конкурсын ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында өткізу жоспарлануда. 2025 жылды кітап оқу жылы деп жариялаймыз. «Тараз - кітап оқитын қала», «Тараз – город чтения книг» жобасын бастаймыз»,-деді спикер.  

Туризм саласында 16,4 млрд теңгеге  13 инвестициялық жоба іске асырылуда. 6 туристік жоба пайдалануға берілді. Туризм объектілеріне автомобиль жолдарын жүргізу және газдандыру мәселелері шешілді. Келесі жылы Тараз қаласы бүкіл Еуразия өңірінің, ТМД елдерінің қолөнершілері мен аграрийлерінің қатысуымен «Достастық жәрмеңкесі» мемлекетаралық  іс-шара ұйымдастыруға қонақтарды қабылдайды. 2025 жылы өңірге туристер тарту және туристік объектілердің инфрақұрылымын қалыптастыру көзделген.