«Өңірдің тағы бір ерекшелігі  бізде туристік сала жыл бойы жұмыс істей алады. Ал туризм өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытудың драйверіне айналары сөзсіз. Өңірде Туристік ақпараттық орталықтар желісі кеңейіп келеді. Марқакөл мен Алтай аудандарында жаңа екі орталық ашылып жатыр. Жол бойындағы сервисті де бір стандартқа сай келтіріп жатырмыз (дәретханалар, тұрақтар, тамақтану). Орындар анықталды, бұл негізінен туристердің жиі тоқтайтын жерлер. Меймандар жолай соға алатын дәретханалардың сапасы сын көтермейді. Сондықтан әр ауданда кемінде 2 санитарлық-гигиеналық торап салынады. Бұл заманауи, адамның қажеттілігіне сай орындар болады», – деді облыс әкімі. 

Туризмді дамытудың  басты факторы – қонақжайлық мәдениет қалыптастыру. Ол үшін тур-бизнесмендердің қабілеті мен қызмет көрсету сапасын арттыру керек. Өңірдің туристік тартымдылығын арттыру үшін брендтік іс-шаралар өткізіледі. Соның ішінде «AltaiFest – Өрлеу» жазғы фестивалі және «Шығыс Салбұрыны» құсбегілер мен бүркітшілер фестивалі өтеді. Бұдан бөлек, Бозанбай ауылында ұлттық спорт түрлерінің құзыреттілік орталығы ашылуда. Оны әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан басқарады. 

Қонақжай үйлері ұйымдастырылған туризмнің үлгісіне және тұрғындардың табыс көзіне айналды. Катонқарағайдағы Коробиха ауылы бүгінде бүкіл елге мәлім. Ондағы әрбір үй алажаздай турист қабылдап, толайым табысқа жетіп отыр. Қазір Зимовье және Поперечное ауылдары осы бағытта дамып келеді. Табиғаты әсем, айналасы таулы аймаққа қысы-жазы келушілер жеткілікті. 

Риддер қаласында белсенді демалыс және тау шаңғысы спортымен шұғылдануға арналған кластер қалыптастыру жоспарда бар. Ал, Катонқарағай ауданында 4 жұлдызды отель мен 2-3 жұлдызды қонақ үйлер салынады. 

Қолға алған іс-шаралар жыл басынан  туристік саладағы инвестициялар көлемін 23%-ға, қонақтарды орналастыру көлемін 50%-ға, ал демалушылар санын 20%-ға арттыруға мүмкіндік берді.  

«Туристерді көбейту үшін инфрақұрылым жақсартылып, қорықтар мен ұлттық саябақтар, тарихи-мәдени орындар жан-жақты насихатталуда. Тағы бір жаңалық – Қытай тарапымен бірлесіп Марқакөл  және Қанас (Қытай) көлдері арасында трансшекаралық туристік маршрут ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ол үшін Марқакөл ауданындағы Теректі және Қытай жағындағы Ақтүбек ауылдары маңында жаңа шекара өткелін ашу және Марқакөл көліне дейінгі жол құрылысы мәселелері пысықталуда», – деді спикер.  

Шығыстың табиғаты мен дәрігерлердің кәсіби әлеуеті өңірде медициналық және санаториялық-курорттық туризмді дамытуға да ықпал етеді. Бұл бағытта алғашқы қадамдар да жасалуда. Пантымен емдеу орындары облыстың брендіне айналған. Оған қоса қазір үздік технологиямен жабдықталған және білікті кадрлары бар облыстық онкология орталығы өзге өңірлер мен шет ел тұрғындарын  емге қабылдай бастады.   

Туризмді дамыту – бірінші кезекте жол бойындағы сервис, ас мәзірі, қызмет көрсету сапасы, инфрақұрылым, электр қуаты және жолдың сапасына байланысты. Бұл мәселелер кешенді түрде шешіліп жатыр.