Сонымен қатар биыл облыстық бюджет есебінен Өскеменде 600 орындық мектеп іске қосылды. 500 орындық тағы 2 мектептің құрылысы аяқталуда. Офтейк-келісімшарттар шеңберінде 2025 жылы аяқталатын 1130 орындық 7 мектептің құрылысы басталды. 

«Биылғы оқу жылынан бастап мектептерде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы атты бірыңғай бағдарлама енгізілді, ата-аналарды педагогикалық қолдау кабинеттері ашылды, одан бөлек «Даналық мектебі» клубтары құрылды. Буллинг, суицид, тәрбие мәселелерімен айналысатын және психологтардың жұмысын арттыруға ықпал ететін Аймақтық психологиялық қолдау және көмек орталығы ашылды. Орталықта буллингке қарсы «Kiva» пилоттық бағдарламасы іске асады, тәулік бойы «сенім телефоны» жұмыс істейді», – деді өңір басшысы.  

170 мектепті жылдамдығы жоғары интернетпен 100% қамту үшін 5 мектепте талшықты-оптикалық байланыс желілері орнытылып, 161 мектепте «Starlink» спутниктік терминалдары енгізілді. Қалған 4 мектепте жұмыс жыл соңына дейін аяқталады.  

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 38 колледж 101 мамандық бойынша кадрлар даярлайды. 5 колледжде WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес құзыреттілік орталықтары жұмыс істейді. Дуальды оқытуда 27 колледж 448 кәсіпорынмен байланыс жасайды. 

Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі – басты назарда. Жастармен қатар ересек тұрғындарды да оқыту үшін мемлекеттік тілді дамытудың  100 орталығын ашу жобасы іске асырылуда. «Қонақжай отбасы» жобасы оң нәтиже беріп, ел аумағына қолдануға ұсынылып отыр. Жоба аясында Өскемен, Риддер қалалары, Глубокое, Шемонаиха және Алтай аудандарынан 100 бала Катонқарағай ауданының отбасыларында тұрып, мемлекеттік тілді үйренсе, Зайсан мен Тарбағатайдың 20 баласы Глубокое ауданы мен Риддер қаласының отбасыларында орыс тілін меңгерді. 

Облыста 364 денсаулық сақтау нысаны бар. Оның 65-і жөндеуді қажет етеді. 

«Мұның бәрін бір сәтте қалпына келтіру мүмкін емес. Қаржы өз алдына, күнделікті халыққа қызмет етіп тұрған медициналық мекемелердің жұмысын тоқтата алмаймыз. Сондықтан біз шетелдік тәжірибені қолданып, 3 жылдық жоспар аясында, кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз», – деді спикер. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы бойынша былтыр 17 нысан пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 18 нысанды аяқтау жоспарланған.