Оның айтуынша, әлеуметтік қорғау мемлекеттік инспекторларының пайда болуы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмірлік маңызды қызметтерге қолжетімділігін жақсарта отырып, елдегі заңнаманың орындалуын бақылауды күшейтуге көмектеседі. Бұл бастама Президенттің инклюзивті қоғам құру жөніндегі міндетін, сондай-ақ Мүгедектігі бар жұмыс істейтін адамдардың өмір сүру сапасын жақсартудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын іске асыруда маңызды рөл атқарады. 

«Бүгінде қоғам, әсіресе, әлеуметтік қолдау мәселелерінде ашықтық пен әділдікті, талап етеді. Әлеуметтік қорғау инспекторлары институты халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғаудың тиімді құралын ұсыну бөлігінде осы талаптың орындалғанына дәләл болып табылады. Мұның бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік қорғау жүйесіне деген сенімді нығайтуға сеп болады», – деп атап өтті спикер. 

Айта кетерлігі, әлеуметтік саладағы инспекторлар институттары көптеген елде бар. Мысалы, Скандинавия елдерінде әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді тексеретін тәуелсіз әлеуметтік инспекторлар жүйесі бар. Швецияда денсаулық сақтау және әлеуметтік мәселелер жөніндегі инспекция қарттар үйлері, оңалту орталықтарындағы қызметтердің сапасын бақылайды. Ұлыбританияда Күтім сапасы жөніндегі комиссия қарттар үйлері мен басқа да әлеуметтік мекемелерді бақылайды. АҚШ-та әлеуметтік қорғау инспекторлары балалар құқықтарының сақталуын қадағалайды. Германияда әлеуметтік инспекторлардың жұмысы әлеуметтік сақтандыру жүйесін бақылауға бағытталған. Олар мүгедектік бойынша төлемдерді, зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындаудың дұрыстығын тексеруді, сондай-ақ әлеуметтік саладағы мекемелерді тексеруді жүзеге асырады.  

Әлеуметтік инспекторларды енгізудің халықаралық тәжірибесі осы институттың әлеуметтік қолдау сапасын арттырудағы және азаматтардың құқықтарын қорғаудағы айтарлықтай жоғары рөлін көрсетеді, сондай-ақ осы саладағы стандарттардың сақталуын нақты бақылай отырып, елдерде тиімді және ашық әлеуметтік қорғау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

«Біздің елде әлеуметтік қорғау мемлекеттік инспекторларын енгізудің негізгі мақсаты – қызмет көрсетушілердің әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды күшейту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру», – деп атап өтті ведомство өкілі.