Маңғыстау облысында инвестиция көлемі 4 млрд теңге болатын азық-түлік сақтау қоймасы қолданысқа берілді. Келер жылы құны 3,5 млрд теңге болатын жұмыртқа мен құс етін өндіретін кәсіпорын және жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр.
Қарақия ауданында пилоттық жоба ретінде 3300 түп зәйтүн ағашы егілді.
Өңір басшысының хабарлауынша, мемлекеттік қолдау есебінен Маңғыстау облысы бойынша агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі жол картасына сәйкес, 2024-2026 жылдары 15 млрд теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба іске асырылатын болады. Бұл ішкі нарықты жергілікті әрі табиғи өнімдермен толтыруға мүмкіндік береді. 2025 жылы шетелдік инвесторларымен бірлесіп, Маңғыстау ауданында «Түйе сүтінің құрғақ ұнтағы зауытын салу» жобасын іске асыруды жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 2,2 млрд теңге. Зауыт толық іске асқан жағдайда жылына 1 500 тонна түйе сүті өңделеді деп күтілуде.
Балық шаруашылығына тоқталған өңір әкімі аймақта балық өсірумен 3 кәсіпорын айналысатынын атап өтті. Олар биыл 11 айда 45,5 тонна бекіре тұқымдас және жайын балықтарын өсірді. Ал, 2025 жылы 286 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
«Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамыту қолға алынды. Бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвесторлар тартылды. Бүгінгі күні балық аулайтын замануи кемелер сатып алынды. Келер жылы да осындай кемелер сатып алу жоспарда бар», – деді әкім.
Жалпы 2025-2027 жылдары құны 12 млрд теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде ең ірісі – «Organic fish» серіктестігінің тор қоршамада бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жобасы. Жобаның қуаты жылына 5 мың тонна, инвестициялық құны – 7,4 млрд теңге. Аталған жобалар іске қосылғанда тұрақты жұмыс орындары ашылып, «Қазақстанда жасалған» деген отандық брендпен ел нарығын жергілікті өніммен қамтиды.
Биыл шағын және орта кәсіпкерлік нысандары 1 трлн теңгенің өнімін шығарды. Өңірде 147 мыңнан астам адам кәсіпкерлікпен айналысады, бұл өңірдегі экономикалық белсенді халықтың – 42%-ын құрайды.
«Бизнестің дамуына тың серпін беру үшін мемлекет тарапынан әрдайым жүйелі қолдау көрсетіліп келеді. Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде 17,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1231 жобаға қолдау көрсетілді. Сонымен қатар аталған бағдарламамен әлеуметтік кәсіпкерлердің 20 жобасына 100 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді», – деді өңір басшысы.