Оның айтуынша, биыл 6 510 орындық 14 жекеменшік мектеп, 4 800 орындық 4 мемлекеттік мектеп ашылды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 13 мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Сондай-ақ мұнай компаниясының демеуімен облыс орталығында колледж студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана қолданысқа берілді. Нұрдәулет Қилыбай  атап өткендей, қазіргі таңда Ақтау қаласында орналасқан колледждерде жатақхана мәселесі толықтай шешілді.  

«Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін Ақтау қаласында 1500 орындық «Оқушылар сарайы» қолданысқа берілді. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында 350 орындық оқушыларға арналған озық үлгідегі болашақ сарайы салынып жатыр», – деді облыс әкімі.  

Биыл Маңғыстау облысын білім саласындағы үздік тәжірибелер алаңына айналдыру мақсатында тұңғыш рет «Отпан» жобасы басталды. Жоба аясында мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңарту, жаңа үлгідегі мектептердің тәжірибесін алу жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін 50 мектеп таңдалды. Барлық шығындар кәсіпкерлердің есебінен өтеліп жатыр. 

Денсаулық сақтау саласына тоқталған Нұрдәулет Қилыбай облысты дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде Мұнайлы ауданында 150 төсектік аудандық орталық аурухананың құрылысы, Жаңаөзен қаласының «Кендірлі» ауылында дәрігерлік амбулаториясының құрылысы аяқталып қалғанын айтты. Сонымен қатар Шетпе, Тәжен, Құрық ауылдарында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін нысандар салынып жатыр. Биыл облысқа 5 дана реанимобиль әкелінді.