Оның айтуынша, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асырудың арқасында 90 мың оқушыға арналған екі ауысымдық 24 мектеп салынады. Олардың 15-нің құрылысы биыл аяқталады.  

«Біз келесі жылдарға да дайындалып жатырмыз. Жыл сайын кем дегенде 15 мектепті салуды көздеп отырмыз. 2029 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Бірінші кезең аясында 10 балабақшаның құрылысы басталды. Сонымен қатар 17 жеке балабақша салынуда», – деді шаһар басшысы.  

Президент 2029 жылға дейін 15 заманауи Оқушылар сарайын салу міндетін қойды. Олардың екеуі қазір жұмыс істейді, 3 нысанның құрылысы басталды, қалғандары - жобалау сатысында. 

Елорданың кітапханалары заманауи мәдени кеңістіктерге айналуда. 4 жаңа кітапхана ашылып, жыл сайын кітап қоры жаңартылып отырады. Спорттық инфрақұрылымды дамытуды да жалғасып келеді.  

«Келесі жылы «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ол 2026 жылы қолданысқа беріледі. Биыл Қ. Мұнайтпасов атындағы орталық стадионды қайта құру мен жаңғыртуға кірістік. Біз өз алдымызға бұл жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау міндетін қоямыз», – деді спикер. 

Медициналық инфрақұрылымды дамыту шеңберінде таяудағы 5 жылда 10 нысан, оның ішінде 2 перинаталдық орталық, 2 жаңа заманауи көпсалалы аурухана, 2 мемлекеттік және 4 жеке емхана салынатын болады.  

Сонымен қатар Жеңіс Қасымбек қаладағы жұмыссыздық мәселесіне тоқталып өтті. Оның хабарлауынша, қазір шаһардағы жұмыссыздық деңгейі 4,4%-ды құрайды, бұл орташа республикалық деңгейден төмен. Жұмыспен қамту шараларымен 23 мыңнан астам адам қамтылды, оның 13 мыңы – 35 жасқа дейінгі жастар. 61 мың жұмыс орны құрылды. JOLTAP жобасына 25,5 мың жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатысып, 4,5 мың азамат жұмысқа орналастырылды. Ал, 7,5 мың адам сұранысқа ие 17 мамандық бойынша қысқа мерзімді оқытуға жіберілді.