Енді компаниялар сыбайлас жемқорлық әрекетіне жол берсе, мұндай кәсіпкерлер мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Сондай-ақ тапсырыс берушілермен туыстық қарым-қатынасы бар бизнес өкілдері де конкурсқа жіберілмейді.
«Біз бірқатар шектеу енгіздік. Әлеуетті өнім берушілерге қатысты біліктілік талаптары енгізілді. Егер әлеуетті өнім берушілер өз жұмыскерлерінің алдында 3 айдан астам уақытта берешегі болса, ол конкурсқа қатыса алмайды. Себебі, өз жұмыскерлеріне жалақы төлей алмаса, ол қаржылық тұрақтылығы жоқ компания ретінде танылады», – деді вице-министр.
Сондай-ақ бұған дейін қоса мердігерлікке берілетін жұмыстардың көлемі 50% болса, енді бұл көрсеткіш 30%-ға дейін қысқартылды. Бұл шара қоса мердігерлікке берілетін қызметтер санын азайтуға сеп болады. Ал, мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмысты жеңілдету үшін бірыңғай платформа іске қосылды. Бұл платформада мемлекеттік, квазимемлекеттік және «Самұрық – Қазына» Қорының сатып алулары жүзеге асырылады.