Оның айтуынша, жер ресурстарын тиімді басқару Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, өндіріс көлемі мен экспорттық әлеуетін арттыруға тікелей әсер етеді. Климаттық өзгерістер мен халық санының өсуімен қоса, жаһандық сын-қатерлер жағдайында бұл тұрақты экономикалық өсудің басты факторы болып табылады.
«Бұл міндеттерді жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетіне жүктелген. Комитет жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді және жерлерді ұтымды пайдалануды бақылауды жүзеге асырады. Соңғы үш жылда біз Президент тапсырмасын орындау бағытында ауқымды жұмыстар атқардық», – деді спикер.