Оның мәлімдеуінше, Қазақстанда 300-ге жуық вагон операторлары жұмыс істеп жатыр және 140 мың жүк вагоны тіркелген. Былтыр қосымша 2350 жүк вагоны сатып алынса, биыл да сол мөлшерде жоспарлануда және жүк вагондары Қазақстанда толығымен жеткілікті болады.

«Көршілес елдермен теміржол түйіспелерінде пойыздарды өткізу қабілетін арттыруға нақты шаралар жүргізіліп жатыр. Мысалы, Ресей елімен 9 теміржол түйіспесінің бесеуінде, яғни, Семиглавый Мар, Орск, Илецк, Карталы, Куркамыс түйіспелерінде екі жақты жұмыс басталып, осы өткелдерде қуаттылық 20%-ға арттырылады. Ал, Өзбекстанның шекарасындағы Сарыағаш түйіспесінде жаңа жолдар салынып, ол түйіспенің қуаттылығы 12%-ға артады», – деді спикер.

Ішкі терминалдық желіні дамытуға қоса, Қазақстанның шетелдегі жүк қалыптастыру нүктелеріндегі географиясын кеңейту бойынша шаралар қабылдануда. Қазіргі уақытта Ляньюньган портында және Сиань қаласының құрғақ портында қазақстан-қытай терминалдары жұмыс істеп тұр, сондай-ақ қазақстандық жеке сектор Поти портында терминал салды.

Қазіргі таңда Алят портында, Мәскеу маңындағы Селятино станциясында, Беларусьтегі Свислочь станциясында және Ташкентте терминалдар іске асыру сатысында. Олардың жалпы қуаттылығы жылына 1 млн-нан астам контейнерді құрайды.

Болашақта Румыния, Венгрия және Қытайдың Үрімші қаласында бірлескен терминалдар ұйымдастыру мәселесі қарастырылуда.

Жалпы алғанда, сыртқы терминалдық қуаттар 4 есеге өсіп, жылына 2 млн 500 мың контейнерге жетеді, бұл өз кезегінде жүк ағындарын қазақстандық көлік инфрақұрылымына тартуға мүмкіндік береді. Осы жасалып жатқан жобалардың арқасында транзит 3 есеге артып, 76 млн-ға жетпек. Бұл еліміздің көлік-транзиттік әлеуетінің дамуына үлкен үлес қосады.