Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары ел бойынша ЖЭО орташа тозуын 61%- ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Жылу желілерінің тозуы 54-тен 52%-ға дейін төмендеді. 

«Бірақ бұл орташа көрсеткіш болғандықтан, мысал ретінде айтсақ, соңғы 2-3 жылда көп айтылып келе жатқан Риддер, Екібастұз қалаларының жылу орталықтарында күрделі жөндеу жұмыстары негізінде осы жылу орталықтарының тозуы 45-50%-ға дейін түсті. Жалпы, технологиялық бұзушылықтарға келетін болсақ, ол – болып тұратын жағдай. Резервтік құралдар болатындықтан, осы мәселе бақылауға алынды. ЖЭО-да технологиялық бұзушылықтар 27%-ға азайды», – деді спикер.

Бұған дейін 37 жылу орталығы «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарға бөлінген болатын. Өткен 2 жылдағы жөндеу жұмыстарының арқасында «қызыл» аймақтағы жылу орталығының саны 10-ға дейін азайды. «Сары» аймақтан «жасыл» аймаққа 3 жылу орталығы өтті. 

Сондай-ақ вице-министр температуралық кестеге тоқталып өтті. Оның айтуынша, биыл кестедегі бұзушылықтар 3 есеге азайды. Өткен қысқы жылыту маусымында осындай 65 дерек қана тіркелді. Оның басым бөлігі қазан айында жылыту маусымы басталып, гидравликалық режимдер жөнделген кезде болды. Ал, қалған айларда температуралық кесте сақталды.