Оның айтуынша, бұл процесс министрліктің қатаң бақылауында.
«Бұл жобаларды іске асырудың өз жолдары бар. Негізгісі – тариф арқылы болса, кейбір мемлекеттік меншіктегі ЖЭО бюджеттен де қаражат беріліп жатыр. Желтоқсан айында қабылданған Ұлттық жоба арқасында электр желілеріне алдымыздағы 5 жылда 2,7 трлн қаражат бөлу жоспарланып отыр. 77 мың шақырымнан астам электр желілері мен оның ішінде, қосалқы станциялардың жөндеуі бар. Жылу желілеріне 1 трлн теңгеден астам қаражат бөлініп, 1,6 шақырым жылу желілерін күрделі жөндеу бар. Оның ішінде осы Ұлттық жобада генерацияның да 29 жобасы кіріп отыр. 7 мың МВт-тан астам жаңа қуаттар енгізіледі», – деді вице-министр.
Осының негізінде ЖЭО-ның тозу деңгейі 40-45%-ға азайтылады. 2025 жылы 600 МВт-қа жуық жаңа энергоқуаттар іске қосылады. Мысалы, Топар электр станциясында 130 МВт турбина іске қосылып жатыр. Текелі қаласындағы энергостанцияда жаңа қуаттар енгізіледі. Жаңартылған энергия көздерінен 400 МВт-тан астам жаңа қуат пайда болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2 жылдың ішінде 3 мың МВт-қа жуық жаңа энергия көздері іске қосылуы керек. Осы орайда 2026 жылы Алматы қаласының 2 ЖЭО, Түркістан қаласындағы ірі жоба, Қызылорда қаласындағы жаңа бу-газ қондырғысы қолданысқа беріледі.
Энергетика министрлігі 2027-28 жылдарға арналған жоспарлар да құрды. Ведомство тиісті инвестициялық шарттарға қол қойды. Жамбыл электр станциясында 200 МВт, Екібастұз-2 станциясында 3 блок қосылып, 550 МВт электр қуаты енгізіледі.