Елімізде ауыл шаруашылығы саласы ең ірі су пайдаланушы, оның үлесі елдегі жалпы су тұтынудың 65%-ын құрайды. Жалпы тұрақты суаруға бөлінген 11,6 текше шақырым судың 11,4 текше шақырымы еліміздің оңтүстігіндегі 5 облысқа тиесілі. Бұл: Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстары. 5 облыстағы жалпы суару алаңы 1,2 млн га немесе ел бойынша барлық суармалы жердің 78%-ы. 

«Суару маусымы басталғалы осы 5 облыстағы «Қазсушар» филиалдары 2,5 млрд текше метрден астам су берді. Мәселен, Түркістан облысының «Қазсушар» филиалының су нысандарынан 1,3 млрд текше метр су алынып, 276 мың га жер суарылды. Вегетациялық кезең басынан бері Қызылорда облысының «Қазсушар» филиалына тиесілі су көздерінен 950 млн текше метр су алынды. Жалпы суландырылған егіс көлемі – 105 мың га. Жамбыл облысының «Қазсушар» филиалы 31 мың га егіс алқабы суару үшін 107 млн текше метрден астам су берді.  Жетісу облысының шаруаларына 127 млн текше метр су беріліп, 18 мың гектардан астам жер суарылды, 11 мың гектардан астам жер ылғалдандырылды. Д.Қонаев атындағы «Үлкен Алматы каналы» филиалы 5210 гектарды суаруға 33 млн текше метрге су берді», – деді спикер. 

Ауа райы мен суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуірдің ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал, мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның, маусым айының алғашқы аптасында қарбыздың алғашқы өнімін жинады.

«Биыл «Қазсушар» филиалдары шаруалармен суармалы су беру жөнінде 20 402 келісімшарт жасасты. Өз кезегінде, «Қазсушар» филиалдары мекемемен келісімшартқа отырған шаруаларға ғана суармалы су береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай Су ресурстары және ирригация министрлігі судың «көлеңкелі» нарығымен күрес жүргізіп жатыр», – деді А.Мұсабеков. 

Мәселен, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабынан тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады. Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданды. Сондай-ақ жергілікті әкімдікке анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді. 

Айта кету керек, елімізде қабылданған жаңа Су кодексінде де осы мәселеге баса назар аударылып, су саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді. Құжат 10 маусымнан бастап күшіне енеді.