Спикердің айтуынша, елде есірткі тұтынудың латенттілігі төмендеді. Синтетикалық есірткіні қолданумен байланысты диагноздар бойынша алғаш рет динамикалық бақылауға алынған адамдардың саны жоспарланған 10% көрсеткіштің орнына 20%-ға артты, бұл анықталу деңгейінің өскенін және наркологиялық көмектің қолжетімділігін көрсетеді.

«Кәмелетке толмағандар бойынша тұрақты оң нәтиже бар: ұзақ мерзімді ремиссияға байланысты динамикалық бақылаудан шығарылған балалар мен жасөспірімдердің үлесі нысаналы 18% көрсеткіштен асып, 25%-ға жетті. Бұл жүргізіліп жатқан емдеу және оңалту іс-шараларының тиімділігін көрсетеді. Сонымен қатар, тәуелді мінез-құлқы бар адамдарды медициналық-әлеуметтік оңалту жүйесін дамыту жалғасуда», – деді Гүлнәра Сәрсенбаева.

Сондай-ақ ол Жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша ерікті түрде ем қабылдаған пациенттердің 30%-ы медициналық-әлеуметтік оңалту бағдарламаларына қатысқанын атап өтті.

Дәрілік заттар айналымының алдын алу және реттеу бөлігінде бақылау мақсатында сатып алу механизмін енгізу бойынша жұмыс жалғасуда, сондай-ақ дәрілік препараттарды таңбалау және қадағалау жөніндегі жүйелі шаралар іске асырылды, оның ішінде «дәріханалық нашақорлық» деп аталатын құралдар да бар. Бұл шаралар дәрілік заттардың заңсыз және рецептісіз сатылу көлемін едәуір төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.