Технология, энергетика, медицина, деректер туралы ғылым және креативті индустрияларда жұмыс орындарының 70%-ына дейін жасанды интеллектінің арқасында тиімдірек болуы мүмкін. Сондықтан деректерді талдау, машиналық оқыту, цифрлық инженерия, киберқауіпсіздік мамандарына және техникалық әрі талдау дағдылары қатар қажет болатын жаңа аралас мамандықтарға сұраныс артады.
«2026 жылғы жаһандық QS рейтингінде Қазақстанның 20 университеті ұсынылған, оның ішінде 9-ы пәндік рейтингтерге енді. Атап айтқанда, білім беру, экономика, социология, антропология, физика, химия, ауыл шаруашылығы, медицина және қонақжайлылық бойынша көрсеткіштер тіркелді. Сонымен қатар Times Higher Education (THE) рейтингінде Қазақстанның 5 университеті атап өтілсе, тағы 27-сі Reporter санатына енді. QS мәліметтері бойынша, қазақстандық университеттер кәсіпорындармен ынтымақтастықтың тұрақты өсуін көрсетіп отыр», – деді вице-министр.
Халықаралық зерттеулер ЖИ жұмыспен қамтуды тікелей қысқартпайтынын, бірақ еңбек мазмұнын өзгертетінін растайды. Талдау көрсеткендей, ірі бизнес цифрландыруға, автоматтандыруға және ЖИ-ді енгізуге жоғары дайындық танытып отыр. Компаниялар зерттеу орталықтарын, деректер базасы кеңселерін құрып, машиналық оқытуды енгізуде. Сондай-ақ AI-мамандарына, сарапшыларға, цифрлық архитекторларға, технологиялық процестерді автоматтандыруды қолдау инженерлеріне деген сұранысты белсенді түрде білдіруде.
Осыған байланысты бизнес кадр даярлау процесіне белсендірек қатысып, жоғары оқу орындарында өз зертханаларын құруда. Мәселен, 19 жоғары оқу орны базасында 75 зертхана құрылды, онда 7600-ден астам студент оқытылады. 1774 кәсіпорын студенттер үшін гранттар бөлді. Зерттеушілер мен өнеркәсіптік компаниялардың тікелей өзара іс-қимыл практикасы жүзеге асырылуда. Соңғы 2 жыл ішінде еліміздің ірі кәсіпорындарымен 13 ғылыми-технологиялық сессия өткізілді. Кәсіпорындар базасында бейінді жоғары оқу орындары кафедраларының филиалдары ашылып жатыр.