«Әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, 2021 жылдан бері елімізде 90 қала мен 6 087 ауылдық елді мекен сумен жабдықтау және су бұру жүйелерімен толық қамтылды. Оның ішінде 4 747 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған, 1 340 ауылдық елді мекен орталықтандырылмаған сумен жабдықтау жүйелерімен қамтылған, 1 102 ауыл су тазарту блок-модульдерімен қамтамасыз етілген. Халық саны аз 219 ауылды сумен жабдықтау жеке ұңғымалар арқылы жүзеге асырылуда, ал 19 ауылда елді мекендердің шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты ауызсу тасымалдау арқылы жеткізіледі. Аталған елді мекендерде орта есеппен 70-ке жуық адам тұрады», – деді Комитет төрағасы.
Спикердің айтуынша, саланың негізгі мәселелерінің бірі – қалалық кәріз-тазарту құрылыстарының жай-күйі болып отыр. Олардың орташа тозу деңгейі 65%-дан асады, бұл санитариялық-эпидемиологиялық жағдайға тікелей әсер етеді. 2025 жылы Ақтау және Ленгер қалаларында кәріз-тазарту құрылыстары орнатылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін оны тағы төрт қалада – Атырау, Қызылорда, Қарқаралы және Қаражал қалаларында іске қосу жоспарлануда.
«Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 45 кәріз-тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Оның ішінде 7 жоба халықаралық қаржы ұйымдарының мемлекеттік кепілдікпен берілетін қарыздары есебінен іске асырылмақ. Қалған 38 жоба түрлі қаржыландыру көздері арқылы жүзеге асырылады. Жалпы ұлттық жоба шеңберінде сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға 1,9 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған.
Жобаларды кешенді жоспарлау және бақылау үшін Техникалық оператор институты енгізілді. Қабылданып жатқан шаралар жобалау қателіктерінен туындайтын шығындардың өсуі мен мерзімдердің созылу тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Бақытжан Жүнісбеков.
Жалпы ұлттық жоба аясында 2,8 мың шақырым су бұру желілерін, 5 мың шақырым су құбыры желілерін және 45 қаладағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту жоспарланған. Бұл шаралар 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33%-ға, ал, су бұру желілерінің тозуын 41%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сондай-ақ спикер өткен жылдың қараша айында Қазақстанда Бірыңғай электрондық платформа іске қосылғанын атап өтті. Бұл платформа жобаның өтінім беруден бастап нысанды пайдалануға беруге дейін бүкіл өмірлік циклін қамтитын кешенді тәсілді қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда министрліктің құзыреті аясында 89 жоба тіркелген, олардың ішінде 31 жоба табиғи монополия субъектілеріне тиесілі және инфрақұрылымы ең тозған, «қызыл аймаққа» жатқызылған басым жобалар ретінде айқындалған.