Өткен жылы әділет органдарына атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша 73,5 мыңнан астам өтініш түскен. Бұл 2024 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 7,2%-ға артық. Өтініштерде көтерілген негізгі мәселелер: атқару өндірісінің барысы туралы ашықтық пен ақпараттың болмауы, мәжбүрлеп орындату шараларының уақытылы жойылмауы, алименттердің төленбеуі, мүлікті сату болды. Жоғарыда аталған барлық дерек бойынша аумақтық әділет органдарымен жоспардан тыс бақылау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2 644 жеке сот орындаушылары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 39-ы лицензиясынан айырылды, 6 жеке сот орындаушысының лицензиясы тоқтатылды. Бұл жайында ҚР Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Махсат Балабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында айтты.