Борышкерлердің жасырын кірістерін анықтау үшін Әділет министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Қаржы министрлігімен бірлесіп, борышкерлер туралы мәліметтерді ұсыну бойынша, ақпараттық жүйелерді біріктіру жұмысын жүргізуде. Бұл олардың әлеуметтік жағдайын және өзге де кіріс көздерін одан әрі анықтауға мүмкіндік береді. Туризм және спорт министрлігінің Бірыңғай есепке алу жүйесімен интеграциялық өзара іс-қимыл жүргізілуде, бұл борышкерлердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысуын шектеуге, сондай-ақ оларға салынатын төлемдерді өндіріп алу мақсатында ұтыстар туралы мәліметтерді анықтауға сеп болады. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Махсат Балабеков ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.