«Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы халықаралық тәжірибені зерделей отырып, семіздікпен күресудің жаңа жүйесін әзірледі. Атап айтқанда, құрамында қант бар сусындарға мақсатты акциздер енгізу ұсынылуда. Бұл – шамамен 100 теңге көлеміндегі шағын сома. Осы қаражатты қантты сусындарды сатудан түсіру жоспарлануда. Үш жыл ішінде шамамен 420 млн теңге жинауға болады. Талдау көрсеткендей, БАҚ-тағы жарнаманың 22%-ы қантты сусындарға, тағы 17%-ы фастфудқа қатысты. Жиналған қаражатты семіздікпен, темекі шегумен, алкоголизммен күреске, сондай-ақ пайдалы өнім шығаратын өндірістерді және салауатты өмір салтын насихаттайтын телебағдарламаларды субсидиялауға бағыттау ұсынылады. Финляндия тәжірибесі соңғы 30 жылда бұл елде қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 80%-ға төмендегенін көрсетеді. Біз бұл мәселені шешуге барлық күш-жігерімізді бағыттаймыз», – деді спикер.
Эрик Байжүнісовтың айтуынша, 1-7 сәуір аралығында Қазақстанда денсаулық күндері аясында мектептерде Ашық есік күндерін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Қонақ ретінде спортшыларды, белсенділерді, қоғам қайраткерлерін шақыру көзделіп отыр, олар жас ұрпаққа маңызды ойларын жеткізеді.