Спикер халықаралық Moody’s, Standard & Poor's және Fitch рейтингтік агенттіктері Қазақстанның егеменді рейтингін инвестициялық сенімділік деңгейінде жүйелі түрде растап отыратынын атап өтті.

«Қазақстанға инвестиция тарту үшін шетелдік мекемелерді, орталық мемлекеттік органдарды және өңірлік деңгейді қамтитын инвесторларды сүйемелдеудің кешенді жүйесі қалыптастырылды. Әрбір өңірде инвестициялар тартуды қажет ететін нақты жобаларды көздейтін инвестициялық бағдарламалар әзірленді. Жобалар іріктеліп алынғаннан кейін, Қазақстанның шетелдегі өкілдіктері арқылы инвесторларды іздеу бойынша атаулы жұмыстар жүргізіледі», – деп атап өтті вице-министр.

Қолайлы инвестициялық климат құру мақсатында бизнесті қорғау тетіктері іске асырылуда. Бақылаушы органдардың негізсіз араласуын шектейтін «прокурорлық фильтр» енгізілді. Басымдығы бар жобалар үшін қажетті рұқсаттар мен мемлекеттік қолдау шараларын алуды жеделдетуге мүмкіндік беретін Fast Track тетігі қолданылады.Туындаған мәселелерді жедел шешу үшін әрбір өңірде өңірлік инвестициялық штабтар жұмыс істейді, сондай-ақ Инвесторлардың проблемалық мәселелерінің бірыңғай тізілімі жасақталуда.  

Компанияларды тіркеу eGov порталы арқылы онлайн-форматта қолжетімді. Инвестициялық келісімшарт жасасу аясында инвесторларға салықтық және кедендік преференциялар, инвестициялық субсидиялар, заттай гранттар және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары беріледі. Елде 18 арнайы экономикалық аймақ пен 67 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олар инвесторларды дайын инфрақұрылыммен және бизнес жүргізуге арналған жеңілдікті шарттармен қамтамасыз етеді.

«Ірі жобаларды қолдаудың негізгі құралдарының бірі – Инвестициялар туралы келісім. Бұл тетік құны кемінде 7,5 млн АЕК болатын жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға мемлекеттік қолдау шараларының кешенін және 25 жылға дейінгі мерзімге заңнама тұрақтылығының кепілдіктерін алуға мүмкіндік береді. 2025 жылы 30 келісім,ағымдағы жылы 12 келісім жасалды. Қосымша тетік ретінде Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім қарастырылған, ол өндірістерді құру және жаңғырту бойынша ауқымды жобаларды іске асыратын ірі отандық өндірушілер үшін 10 жылға дейінгі мерзімге салық заңнамасының тұрақтылығын көздейді», –  деп толықтырды Арман Қасенов. 

Бөлек тоқтала кететін жайт, мұнай-газ саласы үшін күрделі жобаларға арналған арнайы фискалдық ынталандыру және дауларды халықаралық арбитражда шешу мүмкіндігін көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт қолданылады.