Ол 2024 жылы Қазақстанда халықаралық «4П» тәсіліне (серіктестік, профилактика, қылмыскерлерді қудалау және құрбандарды қорғау) негізделген «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданғанын атап өтті. Қазіргі уақытта 2027–2029 жылдарға арналған жаңа Ұлттық іс-қимыл жоспары әзірленуде. АҚШ Мемлекеттік департаментінің 2025 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстан айыптау үкімдерінің, анықталған құрбандардың және әлсіз топтарды қорғау шараларының санын арттыру арқылы адам саудасына қарсы күресті күшейтті.

Қазақстан үшін ең өзекті мәселелердің бірі – азаматтарды Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде және Арабия түбегінде еңбек эксплуатациясы мен қылмыстық әрекеттерге мәжбүрлеу схемаларына тарту болып қала береді. Биыл Қазақстан мұндай қылмыстарға қарсы іс-қимыл тәжірибесін Венада өткен ЕҚЫҰ конференциясында таныстырды, сондай-ақ Беларусьпен бірлесіп, БҰҰ алаңында қылмыстық әрекеттерге мәжбүрлеу мақсатындағы адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы қарардың қабылдануына бастамашы болды әрі оған қол жеткізді.

«Бұл қарардың мақсаты – мұндай адамдарды адам саудасының құрбаны ретінде дәлірек сәйкестендіру қажеттілігін бекіту және қылмыстық схемаларды ұйымдастырушыларды анықтау бойынша халықаралық ынтымақтастықты күшейту. Күрделі келіссөздерге қарамастан, Қазақстан бұл қарардың қабылдануын қамтамасыз ете алды, бұл халықаралық тәсілдерді дамытуға қосылған маңызды үлес болды», – деді Станислав Василенко.

Спикер Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде адам саудасынан зардап шеккен азаматтарды қайтару бойынша дипломатиялық өкілдердің жұмысын ерекше атап өтті. Қазақстанның Мьянмадағы елшілігінің болмауына байланысты үйлестіру жұмыстары Таиланд пен Мьянма билігімен өзара іс-қимыл жасай отырып, Таиландтағы дипломатиялық өкілдік арқылы жүргізіледі. Соңғы жылдары отанына 61 Қазақстан азаматы қайтарылды, оның ішінде 49 адам – Мьянма аумағынан.

Қазақстандық дипломаттар өз азаматтарын ғана емес, Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтарын да босатуға қол жеткізді. Бұл ретте соңғы уақытта Мьянмада және «алтын ұшбұрыш» елдерінде еңбек эксплуатациясы схемаларына тартылатын қазақстандықтар санының азайғаны байқалады.