Турнирдің жалпы жүлделік қоры 4 млн 650 мың АҚШ долларын құрайды. Ең қомақты жүлде Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарында қарастырылған – әрқайсысына 1 млн АҚШ долларынан беріледі.
«Бұл қаражаттың барлығы демеушілер бөлген қаржы екенін атап өткім келеді», – деді спикер.
Оның айтуынша, «Болашақ ойындары» Қазақстанда киберспорттың одан әрі дамуына серпін береді. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жыл Цифрландыру жылы болып жарияланғанын еске салды.
Сонымен қатар «Болашақ ойындары» аясында Астанада халықаралық Phygital Summit форумы өтеді. Іс-шара Astana Hub жанындағы AI Alem алаңында ұйымдастырылады. Форумға шетелден 250-ге жуық қонақ, оның ішінде бірқатар мемлекеттердің министрлері қатысады.