Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандық кинематографтың дамуына арналған баспасөз отырысы өтті. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда жаңа, бәсекеге қабілетті және заманауи кино қалыптасты. Спикерлердің айтуы бойынша, осындай фильмдердің бірі – палуан, әнші әрі композитор Балуан Шолақтың өміріне арналған жуырда жарық көретін «Балуын Шолақ» тарихи кинолентасы. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Баспасөз конференциясына: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет және өнер істері департаментінің Кинематография және театр өнері басқармасының басшысы Алтынгүл Нұрбекова, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директоры Сәбит Әбдіхалықов, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров, «Балуан Шолақ» фильмінің режиссеры Нұргелді Садығұлов, «Балуан Шолақ» фильмінде Татьянаның ролін сомдаған актриса Татьяна Бешкурова, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы баспасөз қызметінің басшысы Айнұр Исаева.

«Балуан Шолақ» фильмінің авторлары айтып кеткендей, көркем туындының түсірілім жұмыстары Алматы облысының Жалаңаш және Кеген ауылдарында өткен. Көпшілік сахналарға үш жүзден астам адам қатысқан. Сондай-ақ, түсірілімдер Павлодар қаласында және Бурабай курортты аймағында жүргізілді.

Фильмнің ресми тұсаукесері 2019 жылдың 11 сәуір күні елорда төрінде өтеді.

Картинаның режиссері Нұргелді Садығұлов: «Мен үшін маңыздысы – жас ұрпақты Балуан Шолақтың тұлғасымен таныстыру және ол өмір сүрген тарихи кезеңді көрсету. Фильмнің қалай шыққанын экран көрсетеді. Түсірілім тобымен өте жақсы жұмыс жасадық. Әсіресе актерлерді – Балуан Шолақты сомдаған Еркебұлан Дайыровты, Ақылбайды ойнаған Медғат Өмірәлиевті және Долгоносовтың образын аша білген Александр Багрянцевті атап өткім келеді», - деп фильмді түсіру жұмыстарынан алған әсерімен бөлісті.

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ

Сценарий авторы: Д.Исабеков Қоюшы режиссер: Н.Садығұлов Қоюшы оператор: Р.Қосай Қоюшы суретші: Е.Сүлейменов Композитор: Ғ.Секеев Киім суретшісі: М.Торыбаева Арт-продюсері: С.Әбдіхалықов Атқарушы продюсері: Б.Байназаров

Анықтама:

Садығұлов Нұргелді Серікұлы

Білімі:

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы (1998 – 2002жж.) Мамандығы: деректі кино және ТВ режиссері С.А. Герасимов атындағы бүкілресейлік мемлекеттік кинематография. (2006 – 2010жж.) Мамандығы: көркем фильм және ТВ режиссері Фильмографиясы:

Деректі фильмдер: «Көкпар» 1998ж., «Отшельник поневоле» 1999ж., «Ковер» 2000ж., «Соғым» 2002ж., «Скрипка и виолончель» 2003ж., «Семейный дом Купкиных» 2004ж., «Түркістан» 2007ж., «Абай» 5 серия 2012ж., «Исабеков әлемі» 2013ж. Көркем фильмдер: «Игрушки» 2007ж. «Молоко» 2009ж. «Кредитке махаббат» 2010ж. «Зұлмат», «Біздің ауыл – во!» 2011ж. Деректі фильмдер циклы:«Саят» 2005ж., Сериал «1 сынып» 2005ж., «Әпке» 2013ж., «Ұлт мақтанышы» 2013ж.