Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының (АШҒӨО) 2018 жылғы қызметінің қорытындысына арналған баспасөз-мәслихаты өтті. Іс-шараға орталықтың бас директоры Кенже Абдуллаев қатысты. Журналистермен кездесу барысында мекеме басшысы нақты егіншілік бойынша алғашқы жобаны іске асыру бойынша жұмыстар туралы айтып, мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған ауыл шаруашылығын цифрландыру мәселесін сөз етіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
2018 жылы А.И. Бараев атындағы АШҒӨО базасында «нақты егіншілік» бойынша қанатқақты жоба басталған еді. Жоба аясында жаздық бидай негізінде нақты егіншіліктің ресурс үнемдеу технологиялары мен дәстүрлі егіншілік салыстырмалы түрде қарастырылды. Нәтижесінде, нақты егіншілік полигондарындағы өнімділік гектарынан 25,4 центнер болып, ресурстар орташа есеппен 5-15 пайызға үнемделді.
А.И. Бараев атындағы АШҒӨО Ақмола облысының 3000 га жер учаскесін таңдап, тәжірибелік полигондар ұйымдастырды. Орталықта жұмыс істейтін қызметкерлер мен ғылыми кадрлардың бірлескен күші арқасында 2018 жылы жаздық бидайдың өнімділігі – 22,5 ц/га болды. Нақты егіншілік полигондары бойынша орташа өнімділік - 25,4 ц/га, ал дәстүрлі егіншілік технологиясы бойынша егілген егіннің өнімділігі 18,7 ц/га болды. Айта кетейік, аудан мен облыс бойынша орташа өнімділік, сәйкесінше, 12,2 және 12,7 ц/га.
2018 жылы «А.И.Бараев атындағы АШҒӨО базасы аясында нақты егіншіліктің тәжірибелік-технологиялық платформасын құру» мақсатында «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ және «А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС жарғылық кампиталын ұлғайту бойынша қаржылық-экономикалық негіздеме жасалды. Мемлекет қолдауы арқасында Бараев орталығының трактор және комбайн паркі жаңа ауыл шаруашылығы техникасымен толықты.
Бараев ғылыми орталығында селекция бойынша зерттеу жұмыстары қарқынды іске асып жатыр. Басты бағыт – дәнді, бұршақты, жарма дақылдарының жаңа сорттарындағы экологиялық тұрақтылықты арттыру. Қазіргі кезде орталықта 17 дақыл бойынша селекциялық жұмыс жүріп жатыр. Ал тары, қарақұмық, сұлы, асбұршақ, ноқат, жасымық, бидайық сияқты дақылдардың селекциясы бойынша Бараев орталығы Қазақстандағы жалғыз ғылыми мекеме.
Жыл сайын ауыл шаруашылығының 90 мың үлгісі зерттеліп, 2 мыңға жуық будандастыру комбинациялары іске асады. Кенже Абдуллаевтың айтуынша, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Қатты бидай зертханасының қызметкерлері 2018 жылы «Дамсинская 2017» сортынан 46,5 центнер өнім алды. Зерттеу жұмыстары 2015 жылы басталған болатын. Бір айта кетерлігі, жаңа сорттың ерекшелігі – төзімділігі жоғары. Еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге арналған бұл сорт ауа және топырақ құрғақшылығына төзімді. Экологиялық сорт сынақ Солтүстік Қазақстан облысында да жүргізіліп, аталған сорт 46,3 центнер өнім берді. Еске сала кетейік, Ақмола облысының Шортанды ауданында орналасқан А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығында былтыр жаздық бидайдың өнімділігі 2,5 есе артып 25,5 центнерге жетті.
Айта кетейік, А.И. Бараев атындағы АШҒӨО Мемлекет басшысының бастамасын қолдап, қызметкерлердің айлығын 10 пайызға өсірді.
Телефондар: 8 (716) 312-30-29, 87757966119