2019 жылдың 25 ақпанында ҚР АКМ Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілін үйренуге көмектесетін жаңа жобалармен таныстырды. Бұл «Soyle.kz» онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы, Android пен iOs платформаларындағы «Balasoyle» мобильді қосымшасы, «Ұлы дала аңыздары» («Легенды великой степи») веб-графикалық романдар сериясы, қазақ тілін үйренуге арналған Soyletube видеожобасы.

Шараға ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының баспасөз-хатшысы Оксана ЛОСКУТОВА, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас ІРГЕБАЕВ және Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат ШАУЕЕВ қатысты.

Жобалардың ішіндегі ерекше назар аудартатыны – бұл «Soyle.kz» онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы. Осы уақытқа дейін қазақ тілін үйрену мүмкіндігін тек орыс тілді қолданушылар пайдаланса, қазір онлайн-курс шет елдерде тұратын этникалық қазақтар мен ағылшын тілді шетелдіктерге қолжетімді. Оған қоса портал арқылы қазақстандық жастар латын графикасын меңгере алады.

Бүгінгі күні «Soyle.kz» порталында 115 мыңнан астам адам тіл үйренуде, ашылғалы 5 миллионнан астам Қазақстандық және шетелдік қолданған, ал әлеуметтік желілер арқылы күнделікті 30 мың адам қазақ тілін үйренеді. Бүгінгі күні «Soyle» мобильді қосымшасын 50 мың адам жүктеген. 2016 жылдан бастап «Soyle.kz» әдістемесі бойынша Skype арқылы қазақ тілін оқыту сабақтары тегін жүргізілуде. «Астана» радиосында аптасына 3 рет қазақ тілін меңгеруге арналған бағдарламалар өткізіледі.

«Balasoyle» мобильді қосымшасы дамытатын онлайн ойындар арқылы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін үйретуде. Жоба балалардың дұрыс сөйлеуіне, грамматика ережелерін меңгеруге, сөздік қорын дамытуға және қоршаған ортаны тануға ықпал етеді. Күнделікті порталды 1,5 мың адам пайдаланады.

Тұңғыш Президент Қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжановтың айтуынша, қазақ тілін үйренуге деген ынта тек қазақстандықтар тарапынан ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтар арасында да жоғары қарқынға ие. Аталған жобалар көпшіліктің мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыруды және жыл сайын географиялық құрылымы мен саны жағынан ауқымды аудиторияны қамтып, үйреншушілер санын ұлғайтуды көздейді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру аясында Қор қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани жетістіктерін дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастыруда және осыған орай «Ұлы дала аңыздары» (Легенды великой степи) онлайн жобасы аясында веб-графикалық романдар сериясын әзірлеуді қолға алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы әзірледі.

«Ұлы дала аңыздары» жобасы «Ұлы махаббат туралы жеті хикая» және «Қазақ жерінің ұлы батырлары» атты бөлімдерден, сонымен қатар қазақ халқының ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тарихы мен аңыздарынан тұрады. Барлық аңыздар көпшілікке Қазақстанның киелі жерлері туралы толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік береді.
«Samruk-Kazyna Trust» Қоры әлеуметтік және тіл жобаларын, атап айтқанда, қазақ тілін үйренуге бағытталған «Soyle.kz» онлайн-курстарына қолдау көрсетуде. Онлайн-жобаның көмегімен көптеген ғаламтор қолданушылары мемлекеттік тілді тегін үйренуге мүмкіндік алды», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев.

Сонымен қатар, Мемлекеттік тілді дамыту қоры танымал Youtube бейне-платформасында тілді меңгеруге арналған пайдалы бейнесабақтар топтамасын әзірледі. Бейнесабақтар қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді жетілдіруге бағытталған және күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын мысалдардан тұратын диалог түрінде түсірілген. Сабақтар тілді жаңадан үйреніп бастаған және оны меңгеріп алғандарға көмектесетін ресурстар жинақталған. Қазіргі уақытта Youtube-арнасында «Soyletube» арнасының 8 бейнеролигі жүктелді.

Барлық жобалар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен әзірленді.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметі

Телефон: +7 (7172) 579518, +77018080833 E-mail: info@qazaq-found.kz