Тұрғын үйді басқару ашықтығы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметтерінің сапасын көтеру

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР ИИДМ Құрылыс саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту департаменті директорының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімовтың қатысуымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Атап өткендей, 2018 жылғы 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Үкіметімен тұрғын үй қатынастары субъектілерінің құқықтық қатынастарын реттейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді. Қазіргі уақытта заң жобасымен жұмыс Парламент Мәжілісінде Жұмыс тобында мүдделі органдарды, қауымдастықтарды және сарапшыларды шақырумен жалғасып жатыр.

Онда еліміздің халқы үшін оңтайлы да дұрыс шешім қабылдау үшін тұрғын үй қатынастары субъектілерінің және сарапшылардың қосымша ұсыныстары талқыланады. Директордың орынбасары Марғұлан Әбдікәрімовтың айтуынша, заң жобасында ұсынылып отырған негізі ұсыныс – бұл «бір үй – бір мүліктің меншік иелері бірлестігі – бір шот» қағидасы бойынша жұмыс істейтін көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың коммерциялық емес жаңа формасын құру.

«Бір үй – бір мүліктің меншік иелері бірлестігі – бір шот» көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару қағидаты бойынша тұжырымдамалық ұсыныс тұрғындардың түскен қаражатты мониторингтеумен және осы ақшаның мақсатты жұмсалуы мүмкіндігімен тек өз үйлерін күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы жинауларына мүмкіндік береді», - деп Маргұлан Әбдікәрімов атап өтті.

Сондай-ақ, заң жобасымен кондоминиум объектісін тіркеу процедурасын жеңілдету, тұрғын үйдің ағымдағы және күрделі жөндеуіне қаражат жинау тетігін регламенттеу, тұрғын үй және тұрғын-үй құрылыс кооперативтерінің қызметін жетілдіру қарастырылған.

Тағы бір маңызды тұс, заң жобасы аясында кондоминиум объектісінің басқару органын үй-жайлар меншік иелері тарапынан бақылауды қамтамасыз ету және меншік иелері және басқарушы компаниялар және сервистік ұйымдар және әкімдіктер қарым-қатынасын жақсарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру көзделген.

Департамент директорының орынбасары хабарлағандай, жаңа түзетулерді енгізу кондоминиум объектісінің басқару мен күтіп ұстауға қатысушы субъектілердің қарым-қатынасының жақсаруына, кондоминиум объектісінің басқарудың және күтіп ұстауға қаражаттың жұмсалуының ашықтығының көтерілуіне және пәтер иелерінің басқарушы компаниялармен сервистік қызмет субъектілерімен көрсетілген қызметтер сапасына көңіл толуына әкеледі.