Орталық коммуникациялар қызметінде волонтерлік қозғалысты дамыту бойынша qazvolunteer.kz функционалдық онлайн-платформаның тұсаукесері өтті. Онлайн-тұғырнаманы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Ұлттық волонтерлер желісі» ЗТБ-мен бірлесіп әзірледі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Әлия Ғалымованың айтуынша, Қазақстандағы еріктілер азаматтық белсенділіктің кең тараған формаларының бірі болып табылады. «Қазіргі уақытта 200-ден астам волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істейді, еріктілер қозғалысымен 50 мыңнан астам адам қамтылды.

2018 жылы өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде еріктілердің әлеуетін арттыруға және оқытуға, волонтерлер мен волонтерлік ұйымдарды әлеуметтік жобалар мен іс-шараларды іске асыруға тартуға бағытталған 25 жоба іске асырылды».

Спикер Әлия Ғалымованың айтуынша, qazvolunteer.kz онлайн-платформа волонтерлік қызметке қатысушылардың өзара іс-қимыл арналарын құруға, Қазақстанның еріктілері мен волонтерлік ұйымдарының қызметін үйлестіруге, волонтерлік жобаларды/бағдарламаларды/акцияларды ақпараттық қолдауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Qazvolunteer.kz онлайн-платформаның функционалдық мүмкіндіктері волонтерлерге жаңа бастамаларды іске асыруға, өз қызметі туралы ақпаратты ашық қол жеткізуге, жобаларды, акцияларды және іс-шараларды ұйымдастырушыларға волонтерлер мен волонтерлік ұйымдарды табуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, платформада өткізілген жұмыстың қорытындысы бойынша волонтерлердің рейтингі қалыптастырылатын болады.

Qazvolunteer.kz онлайн-платформаға келушілер волонтерлік қызметтің халықаралық тәжірибесі, елдегі волонтерлықтың оң тәжірибесі, өткізілген және жоспарланған іс-шаралар және т. б. туралы материалдармен таныса алады.

Тұсаукесерге волонтерлер мен волонтерлік ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік органдар мен Қазақстандағы БҰҰ волонтерлер бағдарламасының өкілдері қатысты.