Орталық коммуникациялар қызметі алаңында жалпыға ортақ декларациялауға дайындық барысы және осы тақырып төңірегінде қоғамда қызу талқыланып жатқан кейбір мәселелерді түсіндіру мақсатында баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев және Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарушы Талғат Мамаев қатысты.
Руслан Еңсебаев атап өткендей, жалпыға бірдей декларациялаудың қазақстандық моделі басқа елдердегідей жаңа салықтық шегерімдерді қарастырады.
«Ең алдымен, бұл көп балалы отбасылар үшін салық шегерімі, сондай - ақ шегерімді ата-аналардың кез келгені және екеуі де бірге қолдана алады (282 АЕК, немесе жылына 712 мың теңге екеуіне де)», - деп түсіндірді вице-министр.
Сондай-ақ, медициналық қызметтерге арналған шығындар тек ата-ананың өз емін төлеуге ғана емес, балаларды емдеуде де маңызды шегерім болып табылады (118 АЕК немесе жылына 298мың теңге).
Бұдан басқа, шегерім өзінің оқуына, балаларды оқытуға арналған шығыстар және тұрғын үй ипотекасына арналған шығыстар бойынша (118 АЕК немесе жылына 298 мың теңге) берілетін болады.
Қаржы вице-министрі айтқандай, "бірінші кезеңде декларацияны мемлекеттік қызметшілер, олардың жұбайлары мен оларға теңестірілген адамдар тапсырады. Азаматтардың қалған санаттары келесі кезеңдерде 5 жыл ішінде декларациялаумен қамтылатын болады".
Оның айтуынша, барлық мүдделі тараптармен пысықталуына қарай нормативтік-құқықтық актілер мен құжаттарға тиісті өзгерістер енгізілетін болады, бұл ретте әрбір кезеңнің қорытындылары талданады, проблемалар анықталады және әдістеме мен ақпараттық жүйелерді жетілдіру бойынша шаралар қабылданатын болады.
Декларация қалай көрінеді, жеке тұлғалардың декларацияны толтыруы және тапсыру процедурасын "Электрондық үкімет" (Е-gov.kz) порталындағы сервисті пайдалана отырып қарауға болады.
Сондай-ақ, бірыңғай республикалық байланыс орталығы E-gov 1414 платформасында салық және кеден мәселелері бойынша байланыс орталығы құрылады.
Жалпыға бірдей декларациялау жөніндегі барлық ақпарат Комитеттің kgd.gov.kz интернет-ресурсында орналастырылған.
Айта кетейік, Қарағанды облысы Осакаров ауданының үш ауылының тұрғындары декларация тапсырған.
2 153 декларация қабылданды, оның ішінде 114 (5,4%) салық төлеушіде уәкілетті органдардың мәліметтерімен алшақтықтар бар, сондай-ақ 1725 жеке тұлғалардан сауалнама жүргізілді.
Белгілі болғандай, халықтың 78,1% - ы салық есептілігін электронды түрде немесе мобильдік қосымша арқылы, қалған бөлігі – қағаз нұсқада табыс етуді жөн көреді.
Бұл ретте ауылдық жерлердегі халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі (респонденттердің 80% - дан астамы декларацияны өз бетінше толтыра алмады), шалғайдағы елді мекендерде Интернет желісіне қолжетімділік жоқ, уәкілетті органдардың деректер базасы (мүлік, жер, көлік құралдары бойынша) өзекті емес, сондай-ақ елден тыс жерлерде ҚР азаматтарының активтерінің болуы туралы мәліметтер жоқ.
Қаржы министрлігі басшысы орынбасарының айтуынша, бұл мәселелер Қазақстанның барлық өңірлеріне тән.