Жарыс түрінде өткен шара сержанттар құрамының дайындық деңгейін нақтылау үшін ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Қатысушылар басшылық құжаттарды білуге сынақтар тапсырып, дене шынықтыру дайындығынан нормативтерді орындады, қоян-қолтық ұрыс техникасын қалай меңгергендерін де көрсетті, кедергілер мен атыс шебі бар екі шақырымдық жолақтан жүріп өтті. Сондай-ақ шығармашылық тапсырмалар да болды.
– Жарысқа түрлі бағдарламалар енгіздік. Ондағы мақсатымыз – жауынгерлік дайындық үдерісін ұйымдастыра алатын ең сауатты, қабілетті және жан-жақты дайындалған сержанттарды анықтау. Мықты деп танылғандардың басқаларға үлгі боларлықтай, нормативтерді үздік орындайтын, көшбасшылық және шешендік қабілеттері болуы тиіс, –деді Қарулы күштердің Бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов.
Сайыстың нәтижелері бойынша теңіз жаяу әскерлері құрамасындағы зениттік дивизионның сержанты 3-сыныпты сержант Ермек Зайлағи абсолютті жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, «бригада сержанты», «батальон сержанты», «рота сержанты», «взвод сержанты», «штабтың құрам сержанты», «бөлімше командирі» және «маман-сержант» санаттарындағы үздік әскери қызметшілер анықталды. Әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтар ішінде десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері барынша дайындалып, кәсіби шеберліктерін көрсетті, екінші орынды «Астана» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері еншіледі. Үшінші орынды «Батыс» өңірлік қолбасшылығы иеленді.
Жарыстардың қорытындысы бойынша, сондай-ақ бағынысты жеке құрам арасындағы жауынгерлік даярлық нәтижелері мен әскери тәртіптің жай-күйі ескеріліп, жалпы жеке рейтинг жасалды. Нәтижесінде үздік сержанттар жоғары лауазымдарға ұсынылатын кандидаттар қатарына енгізілді.