Жылдам шахмат турниріне Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Грузия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Армения және Қазақстаннан жалпы саны 300-ден астам спортшылар қатысып жатыр. Оның ішінде, 12 гроссмейстер, 30 халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері бар.

Турнир 9 кезеңнен тұрады, 1 күн ғана болады. Әр спортшыға 10 минут 2 секунд уақыт беріледі. Жалпы жүлде қоры – 4 млн теңге. Жарыста жасы 4-тен асқан шахматшылар бақ сынайды.

«Сіздерді Қонаев қаласында көргеніме қуаныштымын. Қонаев қаласы бүгінде спорттық іс-шаралардың орталығына айналды. Бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық даму жоспарының басым бағыттарының бірі. Осындай ірі спорттық шара болашақта жоғары дәрежелі спортшыларды дайындап, тәрбиелеуге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді құттықтау сөзін алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев. 

«Қонаев қаласында алғаш рет болып отырмын. Өте қуаныштымын, осындай керемет шараны өткізіп жатыр. Әрине, ең алдымен Алматы облысы әкімдігіне, шахмат федерациясына алғысымды білдіремін. Шахмат турнирін өткізу – балалардың, жасөспірімдердің шеберлігін шыңдауда өте маңызды рөл атқарады. Себебі, бұл спорт түрінде жас айырмашылығына мән берілмейді. Кішкентай балақайлар мықты гроссмейстерлермен ойнауы мүмкін. Биыл дәл осындай форматта Атырау қаласында да шахмат фестивалі өтті. Келешекте спорт додалары мейлінше жиі ұйымдастырылады деп ойлаймын», - деді тілшілерге сұхбат берген гроссмейстер Динара Сәдуақасова. 

Облыстық шахмат федерациясының президенті Саят Егенбердиевтің айтуынша, өңірде мұндай іс-шара әлі өткізілген жоқ. 

«Ашылу салтанатынан соң облыс әкімімен сөйлестік. Ол біздің Қапшағай су қоймасының жағалауында «Шахмат үйін» салу туралы идеямызды қолдады. Бұл жерде coworking орталығы, алдыңғы қатарлы IT технологиямен жабдықталған кабинеттер, ойын алаңдары болады деп жоспарлап отырмыз. Мұнда облыстағы мықты жаттықтырушылар шахматтан сабақ береді», - деді Саят Егенбердиев.